Адвокат Бақытжан Базарбекті жол-көлік оқиғасы бойынша қорғауға кірісті

Адвокат Арман Оразбақов адвокат ретінде экс-депутат Бақытжан Базарбекті қорғайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Бүгін мен адвокат ретінде экс депутат Бақытжан Базарбектің жол-көлік оқиғасына байланысты ісі бойынша қорғауына кірістім. Осы мәселеге байланысты бүгін Жамбыл облысы прокуратурасының басшылығы қабылдады. Заңдылық пен әділдік – басты ұстанымымыз!” – дейді ол.
Бақытжан Базарбектің ісі жайлы
Еске салсақ, бұған дейні Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді. Жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек кейін өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырған.
Жол-көлік оқиғасы болған күннен бастап Бақытжан Базарбек зардап шеккен жігіттің туған-туыстарымен бірге жәбірленушінің қасында болды. Арада бір ай өткен соң зардап шеккен Нұржігіт комадан оянып, ауруханадан шықты.