«Әділет» партиясы төрағасы Айбек Дәдебайдың алты орынбасары тағайындалды
«Әділет» партиясының басшылық құрамы жасақталды. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың алты орынбасары белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа орынбасарлар кімдер
Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары болып тағайындалды.
Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау мәселелеріне жетекшілік етеді.

Ол бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі – Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары.
Нұрсұлтан Байтілесовке құқықтық және заңнамалық бағыт жүктелді.

Ол еңбек жолын аудандық сот маманы ретінде бастап, кейін Қазақстан Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейін көтерілген. Сондай-ақ VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жауап береді.

Ол әр жылдары Атырау облысының ішкі саясат саласында қызмет етіп, «Атырау-Ақпарат» өңірлік медиахолдингін басқарған. Кейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтер атқарды.
Бұған дейін партия төрағасының тағы үш орынбасары тағайындалған еді.

Әлия Адамбаева – коммуникация мәселелеріне, Ержан Жылқыбаев – идеология бағытына, ал Қаныш Төлеушин цифрландыру мәселелеріне жауап береді.