$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
TOP-2Экономика

5 млрд долларлық айыппұл дауы: ExxonMobil Қазақстанмен дауды реттеуге қарсы шықты

ExxonMobil Қашаған кен орнындағы серіктестерінің Қазақстан үкіметімен шамамен 5 млрд долларлық экологиялық айыппұлға қатысты дауды реттеу ұсынысын бұғаттады. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап Tizgin.kz хабарлайды.

ExxonMobil қандай ұсынысқа қарсы шықты

Reuters келтірген Bloomberg мәліметіне қарағанда, америкалық компания Қашаған жобасына қатысушы серіктестер ұсынған дауды реттеу жолын қолдамаған. Bloomberg бұл ақпаратты жағдайдан хабардар адамдардан алған. Дау Қашаған кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына салынған экологиялық айыппұлға қатысты. Қазақстанның мемлекеттік органдары операторды күкіртті сақтау талаптарын бұзды деп айыптайды.

ExxonMobil – Қашаған жобасына қатысушы компаниялардың бірі. Оның серіктестері қатарында Shell, Eni және TotalEnergies бар. Осылайша, дауды Қазақстан үкіметімен келісім арқылы реттеу жөніндегі ұсыныс жоба қатысушыларының бәрінен бірдей қолдау таппаған.

NCOC неліктен 2,3 трлн теңге төлеуге міндеттелді

Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына салынған 4,9 млрд доллар мөлшеріндегі экологиялық айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімін бастағанын бұған дейін жазған едік.  Дау Қашаған кен орнында жүргізілген экологиялық тексеруге байланысты туындаған. 2022 жылғы желтоқсанда Атырау облысының Экология департаменті оператордың, мемлекеттік органдардың нұсқасы бойынша, күкірт сақтаудың рұқсат етілген көлемінен асып кеткенін анықтаған. Әңгіме 1,2 млн тоннадан астам күкірт туралы болып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша компанияға шамамен 2,3 трлн теңге көлемінде экологиялық айыппұл салынды.

NCOC тағылған айыппен және өндірілетін қаражат көлемімен келіспеді. 2025 жылы экология ведомствосы нұсқамаларының бірі рәсімдік талаптардың бұзылуына байланысты күшін жойған. Ескертулер түзетілгеннен кейін айыппұл қайта тағайындалды. 2026 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық соты экологиялық айыппұлға қатысты сот актісін күшінде қалдырды. Шешім заңды күшіне еніп, оны ерікті түрде орындау мерзімі 20 шілдеде аяқталды. Осыдан кейін атқарушылық іс жүргізу басталып, оператордың бірқатар мүлкі мен көлік құралдарына тыйым салынды.

Back to top button