$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41
БілімЖаңалықтар

ҰБТ бұрынғыдай болмайды: Қазақстанда жаңа емтихан әзірленіп жатыр

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін жасанды интеллект пен бейімделмелі тестілеу технологиялары арқылы жаңғырту жоспарланып отыр. Жаңа тәсіл талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, зерттеу дағдыларын және цифрлық сауаттылығын да бағалауға бағытталады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ҰБТ-да қандай өзгерістер болады

Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына түсуге арналған емтихандарды бағалаудың заманауи тәсілдерін енгізуді көздеп отыр. Жаңа жүйеде талапкерлердің жаттап алған ақпаратты қаншалықты меңгергеніне ғана емес, сол білімді талдап, тәжірибеде қолдана алуына да назар аударылмақ.

Атап айтқанда, оқушылардың сыни ойлау қабілетін, зерттеу дағдыларын, цифрлық сауаттылығын және заманауи технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндіктерін бағалау жоспарланған. Сонымен қатар, тестілеу жүйесін жетілдіру барысында жасанды интеллект пен бейімделмелі тестілеу технологияларын пайдалану мәселесі қарастырылып жатыр.

Бейімделмелі тестілеу – тапсырмалардың күрделілігін талапкердің жауаптарына қарай өзгертуге мүмкіндік беретін бағалау тәсілі. Министрлік өкілі Гүл Жүсіпованың айтуынша, жасанды интеллект білім беру саласына ғана емес, оқу нәтижелерін бағалау талаптарына да ықпал етіп отыр.

Ол бүгінде адамның қанша ақпарат меңгергенін анықтаумен шектелмей, сол ақпаратты талдау, білімді қолдану және жаңа технологиялармен жұмыс істеу қабілетін бағалау маңызды екенін атап өтті.

Admission Insight Test деген қандай емтихан

Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық Educational Testing Service (ETS) ұйымымен бірлесіп, жоғары оқу орындарына түсуге арналған Admission Insight Test (AIT) атты жаңа емтихан әзірлеп жатыр. Жоба талапкерлердің академиялық дайындығын кешенді бағалауға бағытталған. Жаңа тест дәстүрлі пәндік білімді тексерумен қатар, білімді талдау және оны түрлі жағдайларда пайдалану қабілетін анықтауды да көздейді. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, AIT емтиханының пилоттық сынағын 2027 жылдың көктемінде өткізу жоспарланған. Бұл кезеңде жаңа форматтағы тапсырмалардың сапасы, тиімділігі және бағалау тәсілдері тексеріледі.

Жасанды интеллект ҰБТ-да қалай пайдаланылады

Жасанды интеллект технологиялары тестілеу жүйесін жетілдірудің бір бағыты ретінде қарастырылып отыр, алайда оның ҰБТ өткізу барысында нақты қандай міндеттерді атқаратыны әзірге толық жарияланған жоқ.

Жасанды интеллект тапсырмаларды автоматты түрде құрастыра ма, жауаптарды бағалай ма немесе тестілеуді талапкердің білім деңгейіне қарай бейімдей ме деген мәселелер бойынша түпкілікті шешім туралы айтуға әлі ерте. Жаңа емтиханның нақты құрылымы мен оны қолдану тәртібі әзірлеу және пилоттық сынақ нәтижелеріне қарай нақтыланбақ.

Әзірге ҰБТ-ның қолданыстағы форматы толық жойылады немесе жаңа жүйеге бірден ауыстырылады деген шешім жарияланған жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button