$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарҚоғам

Бишімбаевтың анасы Назым Қаһарманнан миллиондар талап етті: сот не шешті

Астана соты Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қатысты талабын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Нұрлыбекова нысанды қашан берді

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Альмира Нұрлыбекованың жеке кәсіпкер Назым Қаһарманға қарсы талап арызы бойынша шешім шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы қарашада Альмира Нұрлыбекова өзіне тиесілі нысанды 2029 жылғы 31 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға берген. Келісімшартқа сәйкес мүлік сенім білдіруші мүддесі үшін басқаруға тапсырылған.

Миллиондар өндіріле ме

Нұрлыбекова сотқа берген талабында бұрынғы келіні аталған нысанды жалға беру арқылы табыс тапқанын, бірақ мүлікті пайдаланудан түскен ақшаны өзіне бермегенін айтқан. Сонымен қатар, Қаһарман сенімгерлік басқару жөніндегі толық есеп пен оны растайтын құжаттарды ұсынбаған.

Сот отырысында талапкер өкілі Назым Қаһарманның жеке кәсіпкерлігінен шарт талаптарын тиісінше орындамағаны үшін 14 074 771 теңге, төленген мемлекеттік баж ретінде 247 415 теңге, сонымен қатар соттағы өкіл қызметіне жұмсалған 800 мың теңгені өндіріп беруді сұрады.

Ал жауапкер талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Оның сөзінше, өндіріп алуды талап етіп отырған сома мөлшері де, оған негіз болған уәждер де дәлелсіз.

Сот не дейді

Сот тараптар ұсынған құжаттарды, оның ішінде жалға алушылардан түскен қаражат туралы мәліметтерді, жүргізілген төлемдер мен есеп-қисаптарды және өзге де дәлелдерді зерделей келе, талапты ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

«”Нұрлыбекова Альмира Балтабаевна” ЖК-нің “NazKa” ЖК-ға соманы өндіріп алу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. “NazKa” ЖК-нен 6 665 391 теңге, мемлекеттік баж ретінде 66 654 теңге және өкіл қызметіне жұмсалған 666 539 теңге өндірілсін», – делінген сот мәліметінде.

Шешім күшіне енген жоқ

Сот талап арыздың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартты. Шешім қабылдау кезінде тек құжатпен расталған, жауапкерге нақты түскен әрі қайтарылмаған немесе сенімгерлік басқару келісімінде көзделген шығындарға жұмсалмаған қаражат қана есепке алынған.

Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық тәртіпке сәйкес шағым түсіруге болады.

Back to top button