TOP-2ЖаңалықтарПікір

«4 миллион теңге төлемес бұрын мың рет ойланыңдар»: Дәрігер студенттерге кеңес берді

Дәрігердің айтуынша, қай жерге көп адам барса, сол жердің бағасы қымбаттайды.

Threads әлеуметтік желісінде Қуанышбек Дәулетбаев есімді дәрігер медицина саласына қатысты оқуға түсетіндерге кеңес айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Маған көп адам «Резидентураның бағасы жылына 4 миллион теңге болыпты» деп жазып жатыр. Оның бағасының көтерілуіне себепкер өздеріңсіңдер, резиденттер. Жыл өткен сайын 80-90% студент тек белгілі бір мамандықтарға түскісі келеді, басқа салаларды елеп жатқан жоқ. Тар ойлайсыңдар. Офтальмология, лор, эндокринология, пластикалық хирургия саласынан басқа сала жоқ сияқты ойлайсыңдар. Бұл салаларға сұранысты көбейте берсеңдер, баға да арта береді», – деп жазды Қуанышбек Дәулетбаев.

Оның айтуынша, нарықтық экономиканың негізгі заңдылығы – қай жерге көп адам барса, сол жердің бағасы қымбаттайды.

«Студенттерге айтқым келетіні, бір саланы екінші саладан артық қоймаңдар. «Элиталық екен» деп 4 000 000 теңге төлемес бұрын мың рет ойланып алу керек, себебі урология инфекциялық аурулардан, реанимациядан, анестезиядан, терапиядан бір пайызға артық емес. Ол салалар тоқалдан туған салалар емес, тек өздерің қызықпай жатырсыңдар», – дейді ол.

Ол көп интерндер әркімнен қай мамандыққа бару керектігін сұрап жүретінін, бұл үлкен қателік екенін айтты.

«Мамандық таңдауды өмірлік жар таңдау сияқты қара. Ол кезде ешкімнен кеңес алмай, соңында өзің шешесің. Егер жан қалауыңа ешқандай мамандық келмесе немесе сен қалайтын мамандыққа балың жетпей қалса, түсу үшін аз балды қажет ететін, кез келген қалада, ауылда жұмыс істей алатын саланы таңдаған дұрыс. Медицинада ешқашан жаман мамандық болмайды», – дейді дәрігер.

Back to top button