Ауылда жарнама ілу де ақылы: кәсіпкерлерге жаңа талап енгізілді
Ауылдағы кәсіпкерлер үшін тағы бір төлем түрі пайда болмақ. Енді олар мүлік пен көлік салығынан бөлек, сыртқы жарнама орналастырғаны үшін де ақы төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қаржы министрлігінің арнайы қаулысына сәйкес, ауыл әкімдіктеріне салық органдарының ақпараттық жүйелеріне қол жеткізуге мүмкіндік берілді. Бұл ауылдық жерлерде салық пен басқа да міндетті төлемдерді жинау тетігін күшейтуге бағытталған.
Әкімдіктер салық жүйесіне кіре алады
Жаңа тәртіп бойынша ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері Мемлекеттік кірістер комитетінің интеграцияланған жүйесі мен Smart Data Finance платформасына қол жеткізе алады.
Оларға салықтар мен басқа да төлемдерді жинауды ұйымдастыру, азаматтар мен кәсіпкерлердің дербес шоттарын тексеру, салық бұйрықтары мен хабарламаларды тарату, сондай-ақ берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізу міндеті жүктелген.
Осылайша, ауыл әкімдігі бұрынғыдай тек жергілікті деңгейдегі басқару органының қызметімен шектелмей, салықтық әкімшілендіру процесіне де тікелей араласады.
Сыртқы жарнама да бақылауда
Өзгерістің ауыл кәсіпкерлеріне тікелей қатысты тұсы – сыртқы жарнама үшін төленетін ақы.
Аудан әкімдіктері сыртқы жарнаманы орналастыруға берілген рұқсаттар мен ол үшін төленуге тиіс сомалар туралы мәліметті ай сайын ақпараттық жүйеге енгізіп отырады. Ал салық органдары төлемдердің дұрыс есептелуі мен уақытылы түсуін бақылауға алады.
Демек, ауылдағы дүкен, қызмет көрсету орны немесе басқа да кәсіпкерлік нысан сыртқы жарнама орналастырса, ол бойынша тиісті төлем де есепке алынады.
Жаңа жүйе салық пен басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті ертерек анықтап, оны өндіріп алу жұмысын жергілікті деңгейде күшейтуге мүмкіндік береді. Яғни мемлекет ауылдағы салықтық әкімшілендіруді біршама қатаңдатып, төлемдердің толық әрі уақытылы жиналуын бақылаудың қосымша тетігін іске қосып отыр.
Әзірге жаңа тәртіп пилоттық режимде Алматы, Қостанай, Павлодар және Ұлытау облыстарының бірқатар ауылында іске қосылған.