2027 жылы жәрдемақы тағайындаған кезде азаматтардың банк шоттары тексеріледі
2027 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмекке мұқтаждықты бағалау кезінде отбасының банк шоттары, депозиттері, кірісі мен шығысы ескеріледі. Банктер мәліметті жәрдемақы алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен береді. Бұл туралы Құрылтай отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Отбасының жағдайы қалай бағаланады
Министрдің айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерді жинап, үй шаруашылығының жағдайын сегіз негізгі бағыт бойынша бағалайды. Жүйеде 50-ден астам көрсеткіш бар. Олардың қатарында жұмыспен қамтылу, табыс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кредиттік жүктеме мен білім туралы ақпарат қамтылған. Осы деректердің жиынтығы негізінде отбасының әл-ауқат санаты анықталады. Ертаевтың түсіндіруінше, бағалау тек жалақыға немесе баспананың бар-жоғына сүйенбейді: отбасының жалпы материалдық және әлеуметтік жағдайы есепке алынады.
2027 жылдан бастап бұл мәліметтер банк шоттары мен депозиттер туралы ақпаратпен толықтырылады. Отбасының кірісімен бірге шығысы да ескеріледі. Банктік деректерді беру үшін жәрдемақы алушы мен отбасы мүшелерінің келісімі қажет болады. Ал отбасы жұмысынан айырылып немесе табысы азайып қалса, жүйе оның жағдайын қайта бағалайды. Министрдің сөзінше, цифрлық карта 30 дерекқормен біріктірілген: мәлімет күн сайын жаңарып, әл-ауқат санаты ай сайын анықталады.
«Мәселен, отбасы қазанда В санатында болып, желтоқсанда С санатына ауысса, осы үй шаруашылығына мемлекеттік қолдау шарасы проактивті түрде тағайындалады», – деді Асқарбек Ертаев.
Қандай жәрдемақылардың тәртібі өзгереді
Әлеуметтік көмекті мұқтаждыққа қарай тағайындау – Үкімет жүргізіп жатқан реформаның негізгі бағыты. Қыркүйекте билік қолданыстағы 36 әлеуметтік төлемнің 14 түрі бойынша атаулы қолдау моделіне көшудің нормативтік базасын әзірлейтінін хабарлаған. Сондай-ақ әкімдіктер беретін әлеуметтік көмектің 13 түрін мұқтаждық деңгейіне қарай төрт түрге біріктіру көзделген. Кейін Үкімет 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылатын, мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін қамтитын ережелерді бекітті. Tізімге бала туғандағы біржолғы жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы, көпбалалы отбасыларға төлем және өзге де жәрдемақылар енгізілген. Бұрын бөлек қарастырылған кейбір төлемдер бір түрге біріктірілген.
Жаңа тәртіп бойынша әл-ауқаты жоғары А және дәулетті В санаттарына жатқызылған азаматтарға тізімдегі жәрдемақылар берілмейді. Алайда жекелеген алушыларға ерекшеліктер қарастырылған. Мәселен, мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындағанда мүгедектігі бар балалардың, бірінші және екінші топтағы адамдардың материалдық жағдайы бағаланбайды. Сондықтан өзгерістерді барлық алушыға бірдей қолданылатын шектеу деп түсінуге болмайды. Жәрдемақы алып отырған отбасы А немесе В санатына өтсе, төлем тоқтатыла тұруы мүмкін. Кейін жағдайы нашарлап, С, D немесе Е санатына ауысса, төлемді қайта жалғастыру қарастырылған.