2026 жылғы мемлекеттік жәрдемақылар: кімге және қанша төленеді?
Қазақстанда мемлекеттік қолдау жүйесі мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді қамтиды.
Көптеген азамат қандай көмек түрлерін алуға болатынын, оларды қалай рәсімдеу керектігін және қандай жағдайда төлемнен бас тартылуы мүмкін екенін біле бермейді. Бұл туралы Tizgin.kz порталы newtimes.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің айырмашылығы неде?
Мемлекеттік жәрдемақылар республикалық бюджеттен қаржыландырылады және олардың көпшілігін алу үшін ресми жұмыс істеу міндетті емес.
Ал әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленеді. Оларды жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдар төлеген азаматтар ғана ала алады. Мұндай төлемдердің мөлшері азаматтың ресми табысына тікелей байланысты.
Балалы отбасыларға қандай төлемдер беріледі?
Бала дүниеге келгеннен кейін ата-анасының біріне біржолғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Егер егіз, үшем немесе төртем дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.
Ресми жұмыс істейтін әйелдер жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді (декреттік төлем) алуға құқылы. Ол жүктілік пен босану демалысының бүкіл кезеңіне бір рет төленеді. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыс негізінде есептеледі.
Бала туғаннан кейін ата-аналар бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты ай сайынғы төлем рәсімдей алады.
- Егер ата-ана ресми жұмыс істемесе, оған бюджеттен белгіленген мөлшердегі мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
- Егер ата-ана ресми түрде жұмыс істеген болса, оған МӘСҚ-дан соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлем бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын беріледі.
Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау
Төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасыларға көпбалалы отбасыға арналған жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлем отбасының табысына қарамастан беріледі және оның мөлшері балалар санына байланысты болады.
Сонымен қатар «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған, сондай-ақ «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері ай сайынғы жәрдемақы алады. Олар үшін салықтық жеңілдіктер, тұрғын үй алу кезінде басымдық және заң талаптары сақталған жағдайда мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған.
Мүгедектігі бар адамдарға қандай төлемдер беріледі?
Мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы еңбек өтіліне қарамастан тағайындалады және белгіленген мүгедектік тобына байланысты есептеледі.
Егер азамат үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса, оған қосымша еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем берілуі мүмкін. Оның мөлшері жеке тәртіппен есептеледі.
Асыраушысынан айырылған жағдайда қандай төлемдер қарастырылған?
Асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекет екі түрлі қолдау көрсетеді:
- асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы. Ол қайтыс болған адамның ресми жұмыс істеген-істемегеніне қарамастан төленеді;
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем. Егер қайтыс болған азамат үшін әлеуметтік аударымдар төленген болса, төлем оның табысына, асырауындағы адамдар санына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.
Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?
Көптеген жәрдемақылар өтініш бергеннен кейін ғана тағайындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, көп жағдайда қағаз құжаттарды жинаудың қажеті жоқ.
Өтінішті:
- eGov.kz порталы немесе мобильді қосымшасы арқылы;
- Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы беруге болады.
Әдетте өтініш беруші жеке куәлігін көрсетіп, өтініш толтыруы жеткілікті. Баланың тууы, неке қиюы, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі және банк шоты туралы мәліметтер өтініш берушінің келісімімен мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
Қандай жағдайда жәрдемақыдан бас тартылуы мүмкін?
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жәрдемақы тағайындаудан бас тартудың ең жиі кездесетін себептері:
- мемлекеттік ақпараттық жүйелерде өтініш берушінің баламен бірге тұратыны расталмауы;
- құжаттардың толық ұсынылмауы немесе олардың жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі.
Құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда өтініш қарауға қабылданбайды. Азаматқа бас тарту себебі түсіндіріліп, қажетті құжаттарды толықтыру ұсынылады.
Бас тарту туралы шешімге қалай шағымдануға болады?
Егер азамат қабылданған шешіммен келіспесе, ол:
- өтініш ХҚКО арқылы берілсе – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына;
- қызмет көрсетуші органға;
- уәкілетті мемлекеттік органға;
- мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау органына шағымдана алады.
Шағым қызмет көрсетуші органда бес жұмыс күні ішінде, ал уәкілетті органда 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер шешім өзгеріссіз қалса, азамат сотқа жүгінуге құқылы.