195 тауарды жымқырған: Астанада маркетплейс қызметкері сотталды
Астанада тапсырыс беру пунктінің 19 жастағы қызметкері маркетплейс арқылы тапсырыс берген тауарларды ұрлап, орнына басқа заттарды қайтарып отырған. Осылайша ол жалпы құны 14,9 миллион теңгеден асатын 195 тауарды жымқырған. Сот жас жігітті бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Tizgin.kz порталы елорда прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды
Тапсырыс берген тауарларды басқасына ауыстырған
19 жастағы жігіт тапсырыс беру пунктінде жұмыс істеп жүріп, тауарларды ұрлаудың айласын ойластырған.
Ол маркетплейс арқылы алтын әшекейлерге, киім-кешек пен азық-түлікке тапсырыс берген. Тауарларды алғаннан кейін оларды жасырын түрде иемденіп, қайтару рәсімі кезінде қоймаға басқа заттарды жіберіп отырған.
Прокуратура келтірген деректердің біріне сәйкес, жігіт құны 182 мың теңге болатын алтын сырғаға тапсырыс берген. Алайда кейін бағалы әшекейді өзіне қалдырып, сатушыға оның орнына арзан бижутерия қайтарған. Тергеу барысында мұндай әрекеттің бірнеше рет қайталанғаны анықталған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, айыпталушы осы тәсілмен 195 тауарды жымқырып, 14,9 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Сот бес жылға бас бостандығынан айырды
Қылмыстық іс сотта қаралып, мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеген. Сот 19 жастағы қазақстандықты кінәлі деп танып, оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот жәбірленушінің келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабын қанағаттандырды.
Астана қаласы прокуратурасының хабарлауынша, сот үкімі заңды күшіне енді.