TOP-1

Таяу Шығыстан Қазақстан азаматтарын қайтаруға бірнеше мемлекет көмектеседі

Таяу Шығыстың бірқатар еліндегі әскери-саяси ахуалдың ушығуы жағдайында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі күшейтілген режімде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ведомство.

Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ

СІМ мәліметінше, өңірдегі шет елдердегі мекемелердің дипломаттары жағдайдың дамуын үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдары және ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста болып, әуежайларға жүйелі түрде барып жатыр.

“Төтенше байланыс желілері мен мессенджерлердегі жедел чаттар арқылы азаматтармен тәулік бойы байланыста болу арқылы дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері өңірде және транзиттік аймақтарда орналасқан қазақстандықтардың тізімдерін тұрақты түрде жаңартып отырады. Қазір Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ”, – делінген хабарламада.

Таяу Шығыста Қазақстанның қанша азаматы бар

Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында Қазақстан азаматтарының ең көп саны танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлары орындары, сондай-ақ транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Оның ішінде БАӘ-де шамамен 3 500 адам, САК – шамамен 3 000 адам және Қатарда 1 500-ге жуық адам.

“Өңірдің басқа мемлекеттерге келсек, дипломатиялық өкілдіктердң ақпаратына сәйкес Иранда 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде – 168 азамат, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген”, – деп хабарлайды ҚР СІМ.

Әскери іс-қимылдар басталғаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалдаушылары рейстерді тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, БАӘ қонақүйлерінде Қазақстан азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін сол қонақүйлерде тұрып, тамақтана алады.

Қазақстандықтар елге қалай қайта алады

Бұған дейін хабарланғандай, шиеленіс аймақтарынан қазақстандықтарды ықтимал эвакуациялау бағыттары мен шаралары пысықталып жатыр.

“Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік органдары өз бетінше қозғалмауға кеңес береді. Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына, атап айтқанда қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетілетін болады. Бұған дейін Тегеран қаласынан «Заркух» компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда, Қазақстанның 50 азаматы шығарылды. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстанның шет елдердегі мекемелері шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарымызды эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді”, – делінген хабарламада.

Армян тарапымен Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс сақталып отыр.

Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілген, олар эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.

Екі азаматтың өтініші негізінде ҚР-дың Әзербайжандағы елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды. Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растаған.

“Аталған бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда, қосымша түсіндірмелер ҚР Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланып отырады. Жедел ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланды. Компаниямен бірлесіп хабарламалар жүйесі жолға қойылып, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелердің дер кезінде жеткізілуі қамтамасыз етілді. Өңірдегі жағдай толық тұрақтанғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын орындауға, тәуекелі жоғары аймақтардан аулақ болуға, сондай-ақ уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамыз”, – дейді ҚР СІМ.

Қосымша ақпарат келіп түсуіне қарай хабарланады.

Back to top button