«120 мың теңгеден UFC-ге дейін»: Рахмоновтың экс-жары өткенді еске алды
Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде спортшымен бірге өмір сүрген жылдарын еске алып, ортақ армандары мен отбасы тіршілігін қатар алып жүрген сәттері туралы жазба жариялады.
«Бұл фотоларда ешқандай атақ ешқандай миллион ақшалар жоқ… Шавкаттың сол кездегі 120 мың теңге жалақысы болды. Бірінші фотода 2017 жыл қаңтар айы алғаш рет аяғынан жарақат алып жаңа жылдан кейін МРТ түсіріп сонау Пришахтинск деген жақтағы ауруханадан келе жатқан кезіміз… аяғымыз ауырсада білмеймін мәзбіз) тізеге жетер жетпес қалың қар сол жылдары қыс қаттылау болды ма Сол жарақаттан кейін біраз белестерді бағындырып аянбай еңбек етіп шыдамдылықтың арқасында жетті», – деп жазды ол.
Гүлайым Рахмонова бастапқы кезде күнделікті қатаң режиммен еңбек еткендерін, Шавкаттың спорт үшін жаралған жан екенін атап өтті.
«UFC-ге шығу – түпкі мақсатымыз еді. 2016 жылдан бастап таңғы 5-те тұрып, жаз-күз демей еңбек еттік. Ол жүгіріп кетеді, мен таңғы ас дайындаймын. Демалыс күндері қазақша оқып-жазуды бірге үйрендік (ол өзбекстанда туылып өскен соң өзбекше оқыған). Автограф қоюға дейін жаттықтық. Бізде бос уақыт деген болмайтын», – дейді Рахмонова.
Оның айтуынша, кейін тұңғышы дүниеге келген. Спортшы үлкен қызын ерекше жақсы көреді. Сонымени қатар отбасы үшін деп тынбай еңбектенгеннің арқасында қазір бәрінің жағдайын жасап отыр.
«Қызық… уақыт өте келе осының бәрін естен шығара салу немесе ойға алмау мүмкін бе? Бір кездері оның жақындарына жақсы келін, жақсы жеңге едім. Ал қазір сол адамдар түрлі пікір жазып, одан қалса Шавкатты маған қарсы қойып, жаман көрсетіп әлек… Ешқандай өкініш жоқ, тек бір әттеген-ай бар. Мен көз жасымды көл қылып немесе өзімді аянышты көрсеткісі келетін адамдардың қатарынан емеспін. Шүкір, оған санам жетеді. Бірақ осы жылдар ішінде менің де зор еңбегім бар, оны ешкімге таптатпаймын. Уақыт келеді бәрі өз іс-әрекетіне жауап береді», – деді Рахмонова.
Еске салсақ, Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмоноваға 5 жылға бас бостандығынан, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді. Алайда жаза орындау 5 жылға кейінге шегерілді. Бұл оның кәмелетке толмаған төрт баласы бар екеніне байланысты. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Шавкаттың әйелімен ажырасқанын жақында БАҚ жарыса жазған еді. Бұл туралы Гүлайым әлеуметтік желіде ақпарат таратты. Оның айтуынша, балалар өзімен қалған, сондай-ақ қазір бесінші баласына жүкті.