$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

ШҚО-да алтынды заңсыз өндіргендерден 372 млн теңгенің мүлкі тәркіленді

Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Заңсыз өндірілген алтын құны 844 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Tizgin.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Барлауға берілген лицензиямен алтын өндірген

ҚМА мәліметінше, сотталғандар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған. Осы мақсатта өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ны пайдаланған. Алайда серіктестіктің лицензиясы тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген.

Алтын өндіруге экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар мен жуу жабдығы жұмылдырылған.

Заңсыз өндірілген алтынның жалпы көлемі 15 келіден, ал құны 844 млн теңгеден асқан. Тергеу барысында жалпы құны 382 млн теңге болатын 6,7 келі алтын мен 579 грамм күміс тәркіленді.

18,2 гектар жер бүлініп, орман қорына зиян келді

Заңсыз өндіріс қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жердің аумағы 18,2 гектарды құрады. Сондай-ақ мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған.

ҚМА дерегінше, экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асады.

Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде төрт жүк көлігі, екі экскаватор, екі тиегіш, гидрожуу құрылғысы бар. Бұған қоса 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша тәркіленген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button