11 жыл оқып, қазақша сөйлей алмайды: министр мәселені қалай шешпек
Қазақстанда мектепте 11 жыл білім алғанымен, қазақ тілін еркін меңгермей шығатын бала көп. Жылдар бойы келе жатқан осы мәселені реттеудің қандай жолдары бар? Мектептегі бағдарламаны күшейту немесе қосымша сабақ енгізу қажет пе? Tizgin.kz тілшісі бұл сұрақтарды Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың өзіне қойды.
Қазақша неге еркін сөйлемейді
Министрдің айтуынша, тілдік пәндерге бөлінетін сағат саны жеткілікті. Ал жыл сайын осы пәндерден сабақ беретін педагогтер үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.
Министр негізгі өзгеріс тілді оқыту әдістемесінде жүріп жатқанын айтты. Сөзінше, 2016 жылға дейінгі білім стандартында грамматикаға басымдық берілсе, қазір оқушының коммуникативтік дағдыларын дамытуға көбірек көңіл бөлінеді.
«Биыл біз бастауыштың білім мазмұнын қайта қарадық. Соның ішінде бірінші-екінші, үшінші-төртінші сыныптардағы тілдік пәндерді қайта қарадық. Оның ішінде біз коммуникацияға көп көңіл бөлдік», – деді министр.
Қазір министрлік 5-9 сыныптарға арналған бағдарламаларды да қайта қарап жатыр. Жаңа мазмұнда коммуникативтік әдіс жалғасын таппақ.
Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені бірден емес, кезең-кезеңімен шешуге болатынын айтты. Ал оқушылардың тілді меңгеру деңгейіне аралас мектептердің әсері бар деген пікірмен келіспеді.
«Менің ойымша, бұл мәселеде олардың әсері бар деп ойламаймын. Иә, жалпы бағдарламалар жетілдірілуі қажет», – деді ол.
Диктант, мазмұндама және шығарманың маңызы
Министрдің сөзінше, оқушыны сөйлетумен қатар, оның оқу және жазу сауаттылығын да күшейтпек.
«Оқитын зерделі ұлт» бағдарламасы аясында бастауыш сыныптарға баланың бір минутта оқу жылдамдығын ғана емес, оқыған мәтінін түсінуі мен түйсінуін анықтайтын жаңа тапсырмалар енгізіліп жатыр.
Жазу дағдыларына қатысты да өзгерістер бар. Бастауыш сыныптарда диктант, мазмұндама және шығарма аралық бақылауға қайта енгізілген. Министрлік олардың қалай бағаланатынын, оқушы қанша сөз жазуы керектігін және қандай тақырыптар ұсынылатынын нақтылап жатыр.
«Дәл қазір Оқу-ағарту министрлігі қосымша көркем әдебиеттердің тізімін қайта қарап жатыр. Сонымен бірге көркем шығармалар тізімін қайтадан қарастыруда. Оның мақсаты – біздің балаларымыздың сөйлеу мәдениеті, сонымен бірге оқу сауаттылығын арттыруға арналған», – деді Сүлейменова.
Жаңа тәсілдерді әзірлеуге Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ мектепте тікелей сабақ беретін практик мұғалімдер тартылған.
Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерге сағат бөлу жүйесінің жаңа тәртібі енгізілетінін айтқан еді. Сондай-ақ министр ата-аналар чатындағы қарым-қатынас пен педагогтерге жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін хабарласу мәселесіне қатысты пікір білдірді.