TOP-2Білім

«Мұғалім бір уақыт демалуы керек»: министр чатпен мұғалімдерді мазалайтын ата-аналарға жүгінді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар чатындағы қарым-қатынас пен педагогтерге жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін хабарласу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министр ата-ана мен мектеп арасындағы тұрақты байланысты шектегісі келмейтінін, алайда мұндай қарым-қатынас нақты тәртіп пен өзара құрметке негізделуге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бір мұғалім күніне шамамен 150 баламен жұмыс істейді

Министр ата-аналарды мәселені мұғалімнің жағдайымен бағалауға шақырды. Оның айтуынша, педагог орта есеппен күніне алты сабақ өткізеді, бірнеше сыныптағы жүздеген оқушымен жұмыс істейді. Әр сабақта мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіреді, оқушылардың сұрағына жауап береді, тапсырмалардың орындалуын қадағалап, сыныптағы тәртіпті бақылайды. Тақырыпты түсінбей қалған балаға қайта түсіндіру, қолдауды қажет еткен оқушыға көңіл бөлу де педагогтің күнделікті міндетіне кіреді.

Егер бір сыныпта орта есеппен 25 оқушы болса, мұғалім алты сабақта шамамен 150 баламен тікелей жұмыс істейді. Оның әрқайсысын байқап, тыңдап, білімін бағалап, қажет кезінде қосымша тапсырма беруі керек. Сабақ аяқталғаннан кейін де педагогтің жұмысы бітпейді. Мұғалім дәптерлер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі күнгі сабақтарына дайындалады.

«Бұл – тыйым емес, өзара құрмет мәселесі»

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімнің жұмыс уақытынан бөлек жеке өмірі мен тынығуға арналған уақыты болуы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, педагог келесі күні балалардың алдына тың, сабырлы әрі бар назарын сабаққа аудара алатын күйде шығуы үшін толыққанды демалуға мүмкіндік алуы қажет.

«Мұғалімнің де жұмыс уақыты және жеке уақыты бар екенін ұмытпауымыз керек. Егер ұстаздардың келесі күні балаларымыздың алдына жігерлі, мұқият, сабырлы әрі кәсіби күйде шыққанын қаласақ, оларға күш жинауға мүмкіндік беруіміз қажет. Сондықтан ата-аналар чатына қатысты мәселе – қарым-қатынасқа тыйым салу емес, қарапайым өзара құрмет мәселесі. Әрине, балаға қатысты шұғыл әрі маңызды жағдайлар болуы мүмкін. Мұндай кезде педагог әрдайым жауап берудің жолын табады. Ата-аналардың басым бөлігі бұл тәртіпті түсініп, қолдайтынына сенімдімін», – деді министр.

Оқу-ағарту министрі ведомствоның мақсаты ата-аналар мен педагогтер арасындағы байланысты шектеу емес екенін мәлімдеді. Керісінше, отбасы мен мектептің тұрақты әрі сындарлы қарым-қатынасы маңызды. Алайда министрдің пікірінше, ата-аналар чатындағы байланыстың баршаға түсінікті әрі әділ тәртібі белгіленуге тиіс.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от @tizginmedia

Back to top button