1 қазаннан бастап күшіне енеді: жұмыссыз мәртебесін алудың жаңа тәртібі белгіленді
Қазақстанда азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тәсілдері жетілдіріледі. Бұл туралы 2026 жылғы 22 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жұмыс іздеу мерзімі ұзартылады
Министрліктің мәліметінше, 1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесін алғанға дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады.
Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың жұмыс тәжірибесін, білімі мен дағдыларын мұқият зерделеп, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктейді. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де байланысады.
Жұмыс ертерек табылса, 13 күн күтудің қажеті жоқ
Егер азаматқа лайықты жұмыс 13 күн аяқталғанға дейін табылса, белгіленген мерзімнің соңына дейін күтудің қажеті болмайды.
Қандай қолдау шаралары ұсынылады
Бос жұмыс орындарын ұсынумен қатар, азаматтарға оқу курстары, субсидияланатын жұмыс орындары және басқа да қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін.
Қайда тіркелуге болады
Алғашқы қадам – жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу. Оны мансап орталығында, eGov арқылы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жасауға болады.
Жаңа мансаптық маршруттың қалай жүзеге асатыны және азаматтар нені білуі керектігі туралы толығырақ ақпарат министрлік жариялаған видеода көрсетілген.