Зираттан қайтқан ағайындының бірін аңдып барып пышақтаған: Қаскелеңде атышулы іс бойынша сот өтіп жатыр
Алматы облысы Қаскелең қаласында Талғар ауданының 24 жастағы тұрғыны Жанасыл Сәрсенбайдың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Ашық сот процесінде іс бойынша жаға ұстатарлық деректер айтылды, деп хабарлайды КТК.
Қылмыстық іс бойынша 19-20 жастағы үш жігіт сот алдында жауап беріп жатыр. Олар соттың алғашқы минуттарынан-ақ жүзін көрсетуге тыйым салды. Үшеуінің біреуі ғана «кісі өлтіру» бабы бойынша жауапқа тартылса, қалған екеуі «қылмысты жасыру» фактісімен сотқа тартылған.
Жолдағы кикілжің қанды қасіретке ұласты
Қатігез қылмыс осы жылдың мамыр айында болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, Жанасыл інісімен бірге әкесінің басына, зиратқа барып қайтқан. Үйге қайтар жолда олардың алдын бір топ жастар көлікпен бөгеп тастайды. Жанасыл ауылдастарына жолды босатуын сұрап белгі бергенімен, олар көлігін орнынан қозғамаған. Содан кейін жас жігіт оларды қатты жылдамдықпен айналып өтуге мәжбүр болады. Бұған намыстанған күдіктілер ағайындыларды үйіне дейін аңдып барған көрінеді.
«Біз көліктен үшеуінің түскенін көрдік. Мен жолаушылар отыратын жақта тұрдым. Ешқандай сөз болған жоқ. Кенеттен Елхан дегені ағама екі рет пышақ салып жіберді: алдымен оң қолымен, сосын сол қолымен», – дейді марқұмның інісі Еркебұлан Сәрсенбай.
Ал сотталушылардың бірі бұл жағдайды мүлде басқаша түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, жанжалға марқұмның өзі түрткі болған.
«Жүргізуші бізге сигнал берді. Елхан оған айналып өтуге белгі көрсетті. Жанасыл Елханға бірдеңе деді, боқтаған сияқты, сөйтіп қасымыздан қатты жылдамдықпен өтіп кетті. Біз олардың артынан бардық. Үйдің жанында Елхан ғана көліктен түсіп, Жанасылды пышақтап тастады. Сосын маған “Газды бас” деді. Пышақты көргенде есеңгіреп қалдым», – деп ақталды күдікті.
«Кешірім болмайды»: Марқұмның анасы 100 млн теңге талап етті
Ауыр жарақат алған Жанасыл Сәрсенбай ауруханада көз жұмды. Сотта марқұмның анасы Алмагүл Нұрғизат қылмыскерлерге ең қатаң жаза қолдануды талап етті. Жүрегі қарс айырылған ана кінәлілерді ешқашан кешірмейтінін кесіп айтты.
«Кіші балам “ағамды бауыздап кетті” деп айқайлап келді. Далаға жүгіріп шықсам, Жанасыл тізерлеп отыр екен. Құшақтап алдым. Жедел жәрдем шақырдық, күтпей, ауруханаға өзіміз апардық. Дәрігерлер баламның жан тапсырғанын айтты. Мен кешірмеймін. Мұны кешіру мүмкін емес. Қылмысы үшін жазасын алсын. Өмір бойы түрмеде отырсын», – деді марқұмның анасы.
Қазір жәбірленуші тарап сотталушылардан 100 миллион теңге мөлшерінде моральдық өтемақы өндіріп алуды талап етіп отыр. Аталған іс «кісі өлтіру» және «қылмысты жасыру» баптары бойынша қаралуда. Егер айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, олар 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот процесі жалғасып жатыр.