Жаңалықтар

Зейнетақысын пайдаланғысы келетіндер қартайғанда зейнетақыны кем алуы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері тұрғындарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) ақшаны уақытынан бұрын алу шарттарына тоқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz

ҚОРДАҒЫ АҚШАНЫ ДЕПОЗИТПЕН САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙДІ

Ведомство мәліметінше, зейнетақы қорындағы қаражатты кез келген уақытта шешіп алуға болатын депозитпен салыстыруға келмейді. Әсіресе, алатын зейнетақысы мемлекеттік базалық төлем мен жеке аударымдар есебінен қалыптасатын жастар үшін бұл ақшаны сақтау аса маңызды.

Министрлік қолданыстағы жеткіліктілік шегін анықтау әдістемесінің негізгі кемшілігін де атады. Олардың айтуынша, қазіргі тәсіл зейнетақы жинағының шектен асқан бөлігін алуға мүмкіндік бергенімен, шынайы өмір жағдайларын толық ескермейді.

«Қолданыстағы үлгі азамат тұрақты түрде зейнетақы жарналарын аударып отырады және қартайған шағында жеткілікті қаражат жинайды деген болжамға негізделген. Дегенмен өмірде тұрақты жұмыс пен табыстың болмауы сияқты факторлар бар», – деді министрлік өкілдері.

МИНИСТРЛІК КЕЛТІРГЕН МЫСАЛ

Сонымен қатар, соңғы үш жылда жеткіліктілік шегі қайта қаралмағаны да әдістемені жаңартуға себеп болған.

Жаңа есептеу тәсілі экономикалық негізделген көрсеткіштерге сүйеніп, өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табыстылық пен болашақ төлемдердің мақсатты деңгейін ескеретін болады.

Министрлік жинақты мерзімінен бұрын алу тәуекелдерін түсіндіру үшін нақты мысал келтірді. Мәселен, 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге бар. Оның жасына сәйкес жеткіліктілік шегі 7,8 млн теңгені құрайды, яғни ол қазіргі ереже бойынша 3,2 млн теңгені шешіп ала алады.

Бірақ бұл қаражатты алса, оның болашақтағы ай сайынғы зейнетақысы ең төменгі деңгейде қалыптасады. Қазіргі есеппен бұл – күнкөріс минимумының 70 пайызы немесе шамамен 35,6 мың теңге. Ал егер салымшы артық қаражатты қазір алмай, қорда қалдырса, алдағы уақытта алатын зейнетақысы 2-2,5 есеге жоғары болуы мүмкін, – деп түсіндірді ведомство.

 

Back to top button