Зейнетақы жинағындағы триллиондарды жекеменшік басқарушылар да бақылай ала ма
Қазақстан Ұлттық банкі зейнетақы активтерін басқару моделін қайта қарауды жоспарлап отыр. Соған сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жекелеген субпортфельдерді сыртқы жекеменшік басқарушы компанияларға беру ұсынылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Зейнетақы жинағын кімдер бақылайды
Бұл жөнінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Тұрсынханов Капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын талқылауға арналған жиында мәлімдеді.
Оның сөзінше, бүгінде елдегі зейнетақы жинақтарының 99,7%-ын реттеуші бақылайды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі қағидалары өзгеріссіз қалмақ. Яғни, қазақстандықтардың жарналары бұрынғыдай БЖЗҚ-да жинақталады, ал Ұлттық банк негізгі бақылау мен инвестициялық саясатты қалыптастыру функциясын сақтайды.
Төраға орынбасары не дейді
Сондай-ақ кірістілікті арттырып, түрлі инвестициялық стратегияларды қолдану үшін лицензиясы бар басқарушы компанияларды тарту жоспарланып отыр.
«Бағдарлама аясында лицензияланған жергілікті инвестициялық портфельдерді басқарушылардың зейнетақы активтерінің жекелеген инвестициялық мандаттарын басқаруға қатысуын кезең-кезеңімен кеңейту ұсынылады», – деді Тұрсынханов.
Компаниялар қалай іріктеледі
Басқарушы компаниялар конкурс арқылы іріктеледі. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздар, облигациялар және инфрақұрылымдық жобалардан тұратын субпортфель қалыптастырылуы тиіс.
Кейін басқару мандаттарын корпоративтік облигациялар мен акцияларға дейін кеңейту көзделіп отыр.
Реформаның мақсаты
Кейінірек нарықта сыртқы басқарушы компаниялар біртіндеп басымдыққа ие болуы мүмкін. Дегенмен жергілікті инвестициялық портфельдерді басқарушылар да реттеушінің қатаң талаптарына сәйкескен жағдайда зейнетақы активтерін басқаруға қол жеткізе алады.
Реформаның ұзақ мерзімді мақсаты сол, нарық дамып, салымшылар сенімі артқан жағдайда бірнеше басқарушыны таңдауға мүмкіндік беретін бірыңғай платформа құру.