TOP-1Сараптама

Ұтамыз ба, ұтыламыз ба немесе зейнетақы ақшасын кімге сеніп тапсырамыз

БЖЗҚ жинағының 100 пайызын басқарушыға беретін салымшыға қандай пайда, қандай тәуекел бар

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жинақтарының да 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ-ге) бере алады. (Қазір тек ерікті зейнетақы жинақтарының 100 пайызын, ал міндетті зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін ИПБ басқартуға рұқсат бар). Бұл жаңашылдықтың қарапайым салымшыларға тиімділігі қандай, тәуекелі қай жерде?

Tizgin.kz бұл мақалада осы сұраққа жауап береді.

Үш стратегия, бір ереже

2026 жылдан бастап ИПБ-лерге үш түрлі портфель қалыптастыру критерийі енгізілді: Ki(12), Ki(36) және Ki(60). Оларды тәуекел деңгейіне қарай шартты түрде консервативті, байыпты және агрессивті стратегиялар деп түсінуге болады. Бірақ бұл жерде басты айырмашылық тек тәуекелде емес, ақшаның қанша уақыт инвестицияда болатынында және ИПБ нәтижесінің қандай көрсеткішпен салыстырылатынында.

Ki(12) – ең қысқа есептік кезеңі бар тәуекелі төменірек, яғни консервативті стратегия. Оны зейнетке шығу мерзіміне қарамастан кез келген салымшы таңдай алады. Мұнда ИПБ жұмысының нәтижесі 12 айдың қорытындысы бойынша бағаланады. Компанияның кірістілігі тиісті композиттік бенчмарк кірістілігінің кемінде 95 пайызына жетуі тиіс.

Ki(36) – байыпты стратегияға жақын, орташа тәуекел мен ұзақтау инвестициялық көкжиекке арналған нұсқа. Ол зейнетке шығуына кемінде үш жыл қалған салымшыларға қолжетімді. Нәтиже 36 айдың қорытындысы бойынша бағаланып, ИПБ кірістілігі тиісті композиттік бенчмарктың кемінде 90 пайызы болуы керек.

Ki(60) – ең ұзақ инвестициялық көкжиекке арналған, тәуекелі жоғары, яғни агрессивті стратегия. Ол зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған. Мұнда нәтиже 60 ай бойынша есептеледі, ал ең төменгі талап композиттік бенчмарк кірістілігінің 85 пайызы деңгейінде белгіленген. Яғни тәуекел өскен сайын ИПБ-ге қойылатын салыстырмалы ең төменгі кірістілік шегі төмендейді.

Бұл үш стратегияның айырмасын қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: ақшаға жақын арада қол жеткізу қажет болса – оның қатты құбылуына жол бермеу маңызды; ал зейнетке дейін әлі ұзақ жылдар бар болса – нарықтағы уақытша құлдырауларды күтіп, жоғарырақ тәуекелге баруға мүмкіндік көбірек.

Композиттік бенчмарк деген не

Композиттік бенчмарк – белгілі бір табысқа мемлекет кепілдік беретін пайыз емес. Ол – ИПБ-нің жұмысын бағалайтын нарықтық өлшем. Бенчмарк бірнеше нарықтық индекстің қосындысынан құралады. БЖЗҚ оның құрамына Қазақстан қор биржасының KASE индексі, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын көрсететін KZGB индекстері, әлемдік акциялар нарығын қамтитын MSCI ACWI және әлемдік облигациялар нарығын көрсететін Bloomberg Global Aggregate кіргізген. Олардың үлесі стратегияға қарай өзгереді.

Мысалы, консерватив стратегияның эталондық портфелінде 10% KASE, 60% қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі) мемлекеттік облигациялар индексі, 10% MSCI ACWI және 20% Bloomberg Global Aggregate қарастырылған. Яғни мұнда негізгі салмақ облигацияларға түседі.

Байыпты стратегияда MSCI ACWI-дың үлесі 40 пайызға дейін өседі: 20% KASE, 20% KZGB, 40% MSCI ACWI және 20% Bloomberg Global Aggregate.

Ал агрессивті стратегияда тәуекел айтарлықтай жоғарылайды: 20% KASE, 10% мемлекеттік облигациялар индексі, 60% MSCI ACWI және 10% Bloomberg Global Aggregate. Демек ұзақ мерзімді портфельде акция нарығының қозғалысына тәуелділік әлдеқайда жоғары.

ИПБ кепілдік бере ме

Бенчмарктың құрамын ИПБ өз қалауынша өзгертіп, «өз өлшемін» жасай алмайды. Оның негізі нормативтік талаптармен белгіленеді. Бұл тәсіл ИПБ-лердің нәтижесін басқа басқарушылардың орташа көрсеткішімен емес, нарықтағы объективті эталонмен салыстыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, шартты түрде композиттік бенчмарк бір кезеңде 10% кірістілік көрсетсе, консервативті стратегия бойынша ИПБ-нің ең төменгі деңгейі 9,5% болады. Егер басқарушының нақты нәтижесі осы шектен төмен түссе, белгіленген кезең аяқталғаннан кейін теріс айырманы ИПБ өз есебінен өтеуге тиіс.

ИПБ таңдауда нені ескеру керек

Салымшы таңдаған ИПБ-нің табыстылығы портфелінің ішінде қандай активтер жатқанына байланысты. Сондықтан https://invest.enpf.kz/ сайтынан басқарушы компанияны таңдағанда осы активтердің құрамын мұқият зерттеу керек. БЖЗҚ ай сайын басқарушылардың инвестициялық портфелін, оның құрылымын және соңғы 12 айдағы кірістілігін жариялайды. 1 тамыздағы дерек осы айырмашылықты жақсы көрсетеді.
2026 жылы бес ИПБ-нің төртеуі (Halyk Global Markets, BCC Invest, Halyk Finance және Centras Securities) консерватив стратегияны таңдаған. Alatau City Invest байыпты стратегиямен жұмыс істейді. Әзірге айқын агрессивті стратегия ұсынатын ИПБ жоқ.

Агрессивті стратегияны қалайтын адам нені іздеу керек

Мұндай салымшыларға акциялар мен акцияларға бай ETF-тердің үлесі маңызды. Себебі акциялардың үлесі артқан сайын портфельдің нарықтағы құбылмалылығы да жоғарылайды.

Қазіргі ИПБ-лердің ішінде осы тұрғыдан Alatau City Invest портфелі ерекшеленеді. 1 тамызда оның активтерінің 31,75%-ы ETF-терге, 14,97%-ы Қазақстан эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына салынған. Яғни акция нарығымен байланысты құралдардың жиынтық үлесі 46 пайыздан асады. Портфельдің 51,8%-ы АҚШ долларында номинацияланған. Соңғы 12 айдағы кірістілік 10,99% болған. Бұл компанияның байыпты стратегияны таңдағанын да ескеру керек.

Tansar Capital портфелінде акция нарығына тәуелділік бұдан да жоғары: 55,21% ETF-терге, тағы 11,11% Қазақстан компанияларының акциялары мен депозитарлық қолхаттарына тиесілі. Бірақ бұл компанияның зейнетақы активтерін басқаруды биыл 8 сәуірде ғана бастағанын және 1 тамызға дейінгі кезеңдегі кірістілігі 1,13% болғанын ескерген жөн. Сондықтан оны ұзақ мерзімді нәтижесі қалыптасқан ИПБ-мен қатар қойып бағалау әзірге дұрыс емес.

Қысқартып айтсақ, тәуекелге дайын, зейнетке дейін ұзақ уақыты бар (кемінде 13 жылы бар) салымшы портфельдегі акциялар мен жаһандық ETF үлесіне, валюталық құрылымға және басқарушының инвестициялық саясатына бірінші кезекте қарау керек. Бір айдың немесе бір жылдың жоғары кірістілігіне ғана қарап шешім қабылдау дұрыс емес. Әдетте қаржы сарапшылары мұндай саясат ұстанатын салымшыларға портфельдің кіріс көрсеткіштерін жылына 1 рет қана қарап, бірнеше жылдың табыстылығына үміт артуға кеңес беріп жатады.

Консервативті инвесторға не маңызды

Консервативті салымшы басты назарын мемлекеттік бағалы қағаздарға, квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына, банк облигацияларына, қысқа мерзімді құралдар мен портфельдің теңгедегі үлесіне аударады.

Мысалы, 1 тамызда BCC Invest портфелінің 25,15%-ы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарында, 22,32%-ы квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларында, 17,84%-ы екінші деңгейдегі банктер облигацияларында болды. Акциялар мен депозитарлық қолхаттардың үлесі 7,94%, MSCI ACWI құрылымын қайталайтын ETF-тер 6,77% болды. Портфельдің 70,29%-ы теңгеде, 29,71%-ы долларда орналасқан. Соңғы 12 айдағы кірістілік – 9,35%.

Halyk Finance портфелінде де облигациялар басым: банк облигациялары – 20,42%, квазимемлекеттік ұйымдар облигациялары – 17,49%, корпоративтік облигациялар – 11,97%, мемлекеттік бағалы қағаздар – 10,56%. Акциялар мен депозитарлық қолхаттардың үлесі 11,11%, ETF – 9,64%. Соңғы 12 айдағы кірістілік 9,34% болды.

Сондықтан зейнетке жақын, жинағының қатты құбылғанын қаламайтын адам портфельдегі акция үлесі төмен, ал облигация мен мемлекеттік бағалы қағаздар үлесі жоғары ИПБ-лерге назар аударғаны дұрыс деп есептеледі.

Ал байыпты тәуекелді қалайтындар ше

Бұл санаттағы салымшы үшін негізгі қағида – облигациялар мен акциялардың арасындағы тепе-теңдікті іздеу. Яғни барлық ақшаны акцияға салып жібермей, портфельдің бір бөлігін тұрақты кіріс құралдарында сақтап, екінші бөлігін акциялар мен ETF арқылы өсіруге мүмкіндік беретін ИПБ-ны таңдаған жөн. .
Қазір бар ИПБ-лердің құрылымына қарасақ, Centras Securities осы аралықты түсіндіруге жақсы мысал бола алады. 1 тамызда оның портфелінде банк облигациялары 24%, квазимемлекеттік облигациялар 14,4%, корпоративтік облигациялар 11,43%, АҚШ мемлекеттік облигациялары 8,96%, ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары 6,46% болды. Ал шетелдік акциялар мен депозитарлық қолхаттардың үлесі 5,03%, қазақстандық акциялар 4,07% болды. Соңғы 12 айдағы кірістілік 15,63% деңгейінде қалыптасты. Бірақ бұл да консервативті стратегия екенін және өткен кірістілік болашақ нәтижеге кепілдік бермейтінін ұмытпау керек.

ИПБ-нің кешегі табысынан портфельдің бүгінгі құрамы маңызды

1 тамыздағы көрсеткіштер бойынша ИПБ-лердің нәтижесі бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленді: Centras Securities-тің соңғы 12 айдағы кірістілігі 15,63%, Halyk Global Markets-те 10,56%(2027 жылы салым қабылдамайды), Alatau City Invest-те 10,99%, BCC Invest-те 9,35%, Halyk Finance-те 9,34% болды. Бірақ бұл сандарды тікелей салыстырып, «мынау ең жақсы ИПБ» деу жеткіліксіз. Себебі олардың инвестициялық құрылымы, тәуекелі және стратегиясы әртүрлі.

Сондықтан БЖЗҚ жинағын ИПБ-ге бермей тұрып мына үш сұраққа жауап берген жөн:

  1. зейнетке дейін қанша жыл қалды;
  2. жинақтың уақытша төмендеуіне қаншалықты дайынсыз;
  3. жоғары ықтимал кірістілік үшін қандай тәуекелді қабылдай аласыз

Осыдан кейін ғана ИПБ-нің атауына емес, инвестициялық декларациясына, активтердің құрылымына, акциялар мен облигациялардың арақатынасына, валюталық үлесіне, бұрынғы кірістілігіне және таңдалған стратегиясына қарау керек.

1 тамыздағы дерек бойынша ИПБ басқаруындағы барлық зейнетақы активі 137,5 млрд теңге болды, ал оның ең үлкен бөлігі – 71,88 млрд теңге – Halyk Finance басқаруында. Яғни нарық әлі қалыптасу кезеңінде және әр компанияның ұзақ мерзімді нәтижесін салыстыруға қажетті тарихи уақыт бірдей емес.

Back to top button