Жаңалықтар

Wildberries қоймаларына шабуыл: Қазақстан кәсіпкерлері 1,5 млрд теңге шығынға батты

Компания басшылығы келтірілген шығынның нақты көлемін бағалау үшін бір айлық үзіліс жариялады.

Ал қазақстандық сатушылар офертадағы «форс-мажор» туралы тармақтарға байланысты өтемақысыз қалу қаупіне тап болып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

150-ден астам кәсіпкер зардап шекті

Қазақстан Сатушылар қауымдастығының мәліметінше, бірлестікке мүше 250 кәсіпкердің 150-ден астамы қоймалардағы өрт пен қираудан тікелей зардап шеккен.

Алдын ала есеп бойынша, тек осы топтың өзіне келген жалпы шығын 1,5 млрд теңгеден асты. Жекелеген кәсіпкерлердің шығыны 300 мың теңгеден 200 млн теңгеге дейін жетеді.

Wildberries офертаны қайта өзгерткен

Қауымдастық төрағасы Хамит Қашықовтың айтуынша, Wildberries жария офертаны үнемі біржақты тәртіппен жаңартып отырады. Соңғы редакциясы 2026 жылғы 7 шілдеде жарияланған.

Жаңартылған ережелерге сәйкес, террорлық әрекеттер немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан тауар бүлінген немесе жойылған жағдайда, маркетплейс қаржылық жауапкершіліктен босатылады.

Сонымен қатар, сатушылардың жеке кабинеттерінен тауарлар туралы ақпараттың жоғалып кеткені айтылды.

«Шығынды ешкім өтемей ме деп қорқамыз»

Хамит Қашықовтың сөзінше, кәсіпкерлер компанияны толықтай кінәламайды, алайда олардың да жағдайын түсінуді сұрайды.

«Біз Wildberries-ті толықтай кінәламаймыз, бірақ біздің де жағдайымызды түсінгенін қалаймыз. Сатушылардың көпшілігі несиеге белшесінен батқан. Олар отбасын асырап, жұмыс орындарын құрып отыр. Компания болған жағдайды форс-мажор деп танып, барлық жауапкершіліктен бас тартып кете ме деп алаңдаймыз. Ондай жағдайда біздің шығындарымызды ешкім өтемейді», – деді Қашықов.

Мәселе мемлекеттік деңгейде қаралуы мүмкін

Қазақстан Сатушылар қауымдастығы бұл мәселеге байланысты мемлекеттен көмек сұрап, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновпен кездесу өткізді.

Қашықовтың айтуынша, «Атамекен» бұл мәселені өз бақылауына алып, оны ел ішінде де, мемлекетаралық деңгейде де көтеруге дайындалып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries басшылығына ресми сауал жолдаған.

Ресейдегі Wildberries қоймаларына дрондар соққы берді

Еске сала кетсек, бұған дейін Украина дрондары Wildberries қоймаларына тағы соққы жасағаны туралы жаздық. Украина әскері 22 шілдеге қараған түні Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына дрондармен шабуыл жасады. Салдарынан ондаған адам зардап шегіп, қоймалардағы жұмыс уақытша тоқтатылды

Back to top button