TOP-2Жаңалықтар

Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновке тиесілі JV Holding-ті сатып алды

Қазақстандық кәсіпкер Вячеслав Ким бұған дейін Ғалымжан Есеновке тиесілі болған JV Holding компаниясының иесі атанды. Осылайша Jusan Mobile телекоммуникация компаниясы да Кимнің бақылауына өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы “Ручная экономика” телеграм-арнасына сілтеме жасап.

eGov деректеріне қарағанда, компаниян 2026 жылы 26 тамызда қайта тіркелген.

Jusan Mobile Есеновке қалай өткен еді

Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдегі ең дәулетті кәсіпкерлер рейтингінде 19-орында тұрған Ғалымжан Есенов Jusan Mobile компаниясын 2023 жылы иеленді. Актив Jusan Bank-пен бірге Jusan Technologies компаниясынан Қазақстан юрисдикциясына қайтарылғаннан кейін Есеновтің бақылауына өткен.

2024 жылдың көктемінде кәсіпкер «Астана» халықаралық қаржы орталығында JV Holding холдингін тіркеді. Кейін Jusan Mobile-ды иеленетін компания осы холдингтің бақылауына өтті.

Jusan Mobile Қазақстанда байланыс, интернет және спутниктік технологиялар саласында қызмет көрсетеді. 2025 жылы компанияның кірісі 20,2 млрд теңгеге, ал пайдасы 1,2 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде интернет қызметтерінен 7,7 млрд теңге, деректерді беру арналарынан 7,1 млрд теңге табыс түскен.

Өткен жылы Jusan Mobile Ғалымжан Есеновке 1,2 млрд теңге дивиденд төлеген.

Ким Есеновтің бірнеше активін сатып алды

Jusan Mobile бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі болған Unit Telecom компаниясының 51 пайыздық үлесін уақытша иеленген. Есеновтің компаниясы бұл үлесті 2025 жылдың жазында сатып алып, бір жылдан кейін Тимур Турловтың Turlov Private Holding құрылымына сатты.

Турловтың холдингі Unit Telecom-дағы Дмитрий Покупателевке тиесілі үлесті де сатып алды. Нәтижесінде ол осы компания арқылы «Транстелекомның» 75 пайызын бақылауына алды.

Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновтің активтерін былтырдан бастап сатып ала бастаған. Ол алдымен қазіргі Alatau City Bank — бұрынғы Jusan Bank-ті, сондай-ақ банк қосымшасында маркетплейс қызметін ұсынған компанияны иеленді.

Бұдан бөлек, Ким KC Holding Ltd. компаниясын сатып алып, кейін оны Нұрлан Артықбаевқа сатқан. Енді кәсіпкердің бақылауындағы активтер қатарына Jusan Mobile да қосылды.

Back to top button