$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Вандализммен күрес: депутаттар шешу жолдарын ұсынды

Қазақстанда вандализм қаупі жоғары аймақтардың арнайы картасы жасалуы мүмкін. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Мейрамбай Кемалов айтты. Ол тиісті депутаттық сауалды бүгін Құрылтай отырысында жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қылмыс картасы негізге алынуы мүмкін

Депутат мысал ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтар картасын алуды ұсынды. Оның аналогы бойынша ықтимал қауіпті аймақтарды белгілеуге болады. Мұндай жерлерде патрульдеу жұмыстарын күшейтіп, бейнебақылау камералары мен жарықтандыру құрылғыларын көбейту ұсынылады.

«Сергек» жүйесіне бейнеаналитиканы енгізу

Құқық бұзушыларды анықтау үшін бейнеаналитика және тұлғаны тану алгоритмдерін қолданыстағы жүйелерге, соның ішінде «Сергекке» интеграциялау ұсынылды.

Стрит-артқа заңды орындар бөлінуі керек

Депутат мәселені шешудің тағы бір жолы ретінде суретшілерге стрит-артпен заңды түрде айналысуға мүмкіндік беретін арнайы алаңдарды көбейтуді ұсынды.

Мейрамбай Кемалов жергілікті атқарушы органдарға көшедегі заңсыз суреттерді жедел өшіру немесе нысандарды бастапқы қалпына келтіру үшін жедел топтар құру қажеттігін айтты.

«Заңды стрит-арт мәселелерін реттеу мақсатында қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізу қажет. Жергілікті атқарушы органдарға нысандарды бояп тастау немесе бастапқы қалпына келтіру бойынша жедел топтар құру, сондай-ақ көше суретшілеріне арналған арнайы алаңдар мен қабырғалар бөлу керек», – дейді Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button