“Вандализм” бабымен іс қозғау керек – адвокат ескерткішке мінгендер жайлы пікір білдірді
Белгілі адвокат Бауыржан Азанов Астанадағы Бейімбет Майлиннің ескерткішіне мініп алған бойжеткеннің ісі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Адвокат әуелі жазушының 1938 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болғанын еске алды. Әрі оның ескерткіші қорлау әрекеті Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында (31 мамыр) болғанын атап өтті.
“2026 жылы қайдағы біреулер Бейімбет Майлиннің ескерткішінің мойнына мініп алып, фотоға түсіпті. Өз басым мұны біздің тарихи танымға құрметпен қарамау деп бағалаймын. Себебі Бейімбет Майлин қарапайым адам емес, сталиндік репрессияның құрбаны. Мені мәселен, бұл әрекеттері қатты ашуландырады. Сол себепті бұл жерде қылмыстық кодекстің 290-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғаған жөн деп есептер едім”, – дейді ол.
Журналист Дүйсенәлі Әлімақын желіде осы оқиғаға куә болғанын жазған еді.
“Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып “бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?” десем,көздері адырайып,Что,что деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу,кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?” – дейді ол.
Астана полициясы оқиғаға осы уақытқа дейін түсініктеме берген жоқ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram