TOP-2Білім

Ұстаздарға гүл сыйлау жөнінде Оқу-ағарту министрлігі тағы мәлімдеме жасады

Министрлік мектептерге гүл мен сыйлыққа ақша жинатпау керегін ескертті

1 қыркүйекте мұғалімге гүл сыйлау міндетке немесе ата-аналар арасындағы жарысқа айналмауы керек. Оқу-ағарту министрлігі Білім күні қарсаңында мектептерге және ата-аналарға осындай үндеу жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Гүл сыйлау – әр отбасының ерікті таңдауы

Министрліктің мәліметінше, ұстазға гүл ұсыну – жақсы дәстүр. Алайда мұндай құрмет белгісі ата-аналарға қосымша салмақ салып, артық шығынға ұрындырмауы қажет.

Ең бастысы – гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың мұғаліміне деген шынайы ықыласы мен құрметі. Сондықтан ұстазға гүл сыйлау-сыйламауды әр бала мен ата-ана өз еркімен шешуге тиіс.

Мектептер ақша жинауды ұйымдастырмауы керек

Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы керегін ескертті. Сондай-ақ мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер ата-аналардан ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұны міндеттемеуі тиіс.

Ведомствоның айтуынша, жаңа оқу жылының алғашқы күні даңғазасыз, жылы әрі тәрбиелік мәнде өтуі қажет. Негізгі мақсат – балалардың бойына ұстазды құрметтеу, қарапайымдылық пен ізгілік құндылықтарын сіңіру.

Back to top button