Үш сағаттан асқан жабық кездесу: АҚШ делегациясының Путинмен келіссөздері қалай өтті
Вашингтонның жаңа ұсынысы: Уиткофф пен Кушнер Мәскеуден кейін Киевке кетті

Ресей президенті Владимир Путин Кремльде АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді қабылдады. Үш сағаттан аса уақытқа созылған жабық кездесуде Украинадағы соғысты тоқтату және ықтимал бейбіт келісімге қол жеткізу жолдары талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кремльдегі үш сағаттық келіссөз
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөз 3 сағат 10 минутқа созылған. Кремль кездесуді «конструктивті әрі барынша ашық» деп бағалады. Ушаков АҚШ өкілдерінің сапарға тыңғылықты дайындалғанын және әскери қимылдарды мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға мүдделі екенін мәлімдеді. Уиткофф пен Кушнер соғысты реттеудің ықтимал жолдары жөніндегі бірқатар ұсынысын да ортаға салған.
Путин америкалық делегацияға Ресейдің Украинада көздеген мақсаттарына жетуге ниетті екенін айтқан. Сондай-ақ Мәскеу бейбіт келісім үшін «қақтығыстың түпкі себептерін» жою қажет деген ұстанымын қайталаған. Ресей тарапы майдан шебіндегі ахуалға қатысты өз бағасын да ұсынды. АҚШ өкілдері Путиннің пікірлерін Киевте өтетін алдағы келіссөздер кезінде ескеруге уәде берген. Кездесу басталғанда Ресей президенті делегация мүшелерінен Дональд Трампқа ізгі тілегі мен алғысын жеткізуді сұраған.
Ақ үйдің мәліметінше, Мәскеуде алдағы іс-қимылдың нақты жоспары талқыланған. Оның егжей-тегжейі алдағы апталарда жариялануы мүмкін. Келіссөздерге АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесі, Мемлекеттік департаменті мен Қаржы министрлігінің өкілдері де қатысқан.
Axios мәліметінше, АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық саясатына жауапты Джин Ланг Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен кездескен. Алайда ол Путинмен өткен негізгі келіссөзге қатыспаған. Басылым Лангтың Мәскеуге келуін Ресейге қарсы санкциялар мәселесінің де талқыланғанының белгісі деп бағалады.
АҚШ делегациясы Киевке аттанды
Кремльдегі кездесуден кейін Уиткофф пен Кушнер Мәскеудің Внуково әуежайынан Украинаға ұшып кетті. Олар енді Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізбек. Бұл – екі өкілдің де Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғалы Киевке алғаш рет баруы.
Дональд Трамп бұған дейін Уиткофф пен Кушнердің Мәскеу мен Киевке соғысты тоқтату жөніндегі ұсыныс алып бара жатқанын мәлімдеген. Алайда Вашингтон құжаттың нақты мазмұнын әзірге жарияламады. Зеленский АҚШ өкілдерімен келіссөздің барынша мазмұнды болғанын қалайтынын айтып, соғысты аяқтаудың нақты жолдарын іздеу қажеттігін атап өткен. АҚШ делегациясының сапары Ресейдің Украинаға әуе шабуылдарын күшейткен тұста өтіп отыр. Зеленский америкалық өкілдердің Мәскеуге сапары кезінде Киев Ресей аумағына соққы жасамайтынын айтып, Ресейге де осындай ұсыныс жасаған.
Кремль өкілі Дмитрий Песков Путиннің 6 қыркүйекке қараған түннен бастап Киевке соққы жасамау туралы тапсырма бергенін хабарлады. Бұған дейін АҚШ Мәскеу мен Киевті арнайы өкілдердің сапары кезінде өзара шабуылдарды уақытша тоқтатуға шақырған еді.