$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Үш күннің қорытындысы: Қазақстан Көшпенділер ойындарында нешінші орында

Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 24 медаль жеңіп алды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы 12 алтын, жеті күміс және бес қола медаль иеленді. Бұл жайлы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz 

Аударыспақ пен құсбегіліктегі жүлделер

Аударыспақта қазақстандық спортшылар екі алтынға қол жеткізді. 100 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы әрі Көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы Сырым Ізбасаров Қырғызстан өкілін айқын басымдықпен жеңді. Осылайша ол Көшпенділер ойындарында үшінші рет чемпион атанды.

90 келіге дейінгі салмақта Дарын Өткелбай қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленді. Аса ауыр салмақта Нұржан Еркінұлы қола жүлдеге қол жеткізді.

Құсбегілікте де Қазақстан қоржыны бірнеше медальмен толықты. Серікболсын Жалғасұлы Жебе атты құсымен қаршыға сайысында чемпион атанды. Арман Қошқаров Алғыр атты бүркітімен күміс алса, сұңқар сайысында Бақдәулет Бабажан Ұшқырмен күміс, Ерлан Кенжетаев Ақбалықпен қола медаль иеленді.

Ұлттық күрес пен арқан тарту

Үшінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар самбо мен қырғыз күресінен сынға түсті.

Самбодан 98 келіден жоғары салмақта Болат Сапар алтын медаль жеңіп алды. 79 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Нығметов, 64 келіге дейінгі салмақта Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды.

Қазақстан құрамасы жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырған арқан тарту жарысында да жеңіске жетті. Бұған дейін отандастарымыз «8×8» бәсекесінің финалында Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын алған еді. Ал «4×4» сайысының шешуші кезеңінде қазақстандықтар Иран спортшыларынан басым түсті.

Армрестлингтен жеті алтын

Үшінші күндегі ең ірі нәтижелердің бірі армрестлингте тіркелді. Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінен жеті алтын, төрт күміс және бір қола медаль алды.

Нұрдәулет Айдархан 90 келіге дейінгі салмақта оң және сол қол сайысында екі мәрте чемпион атанды. Медет Құттымұратов та 90 келіден жоғары салмақта екі қол сайысында екі алтын жеңіп алды.

80 келіге дейінгі салмақта Даниил Устинов сол қол сайысында жеңіске жетті. Ал Малена Сыдықжан 65 келіден жоғары салмақта оң және сол қол сайысының екеуінде де алтын медаль иеленді.

Қазақстандықтар ұлттық күрес түрлерінде де жүлдесіз қалған жоқ. Самбодан 98 келіден жоғары салмақта Болат Сапар чемпион атанды. Еркебұлан Нығметов пен Жандос Бейсенбаев қола медаль алды. Қырғыз күресінен Алмас Жұмағали финалға дейін жетіп, күміске ие болды.

Арқан тартудан Қазақстан тағы бір алтын алды. «4×4» сайысының финалында қазақстандықтар Иран құрамасын жеңді. Бұған дейін «8×8» бәсекесінде Қазақстан финалда Қырғызстаннан басым түскен еді.

Қазақстан екінші орында

KaktusMedia мәліметі бойынша, үш жарыс күнінен кейін жалпы медаль кестесінде Қырғызстан көш бастап тұр. Алаң иелерінің қоржынында 39 медаль – 19 алтын, 12 күміс және сегіз қола бар.

Қазақстан құрамасы 34 медальмен екінші орында. Оның 16-сы алтын, сегізі күміс, 10-ы қола.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Үшінші орында Ресей келеді. Ресейлік спортшылар 24 медаль – бес алтын, алты күміс және 13 қола жеңіп алған. Одан кейін Моңғолия мен Өзбекстан орналасқан.

Осылайша Қазақстанды бірінші орында тұрған Қырғызстаннан үш алтын медаль бөліп тұр.

21 спорт түрінен жарыс

Қазақстан құрамасының медаль санын арттыруға мүмкіндігі әлі де бар. 4 қыркүйекте отандастарымыз бірден 21 спорт түрінен жарысқа қатысады.

Олардың қатарында көкпар, көк бөрү, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, жамбы ату, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, стронгмен және тазы жарысы бар.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button