Инвестициялық жобалардан түскен табыстың бәрі елде қалып жатқан жоқ. Осы үрдістің қаншалықты ушыққанын 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер айқындай түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бір қарағанда елге инвестиция тартылып жатыр. Бірақ одан түсетін табыс сыртқа кетуде. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2026 жылдың алғашқы үш айында шетелдік инвесторлар Қазақстаннан 5,4 млрд доллар табысын әкеткен. Бұл 2025 жылдың алғашқы үй айымен салыстырғанда шамамен 49 млн долларға көп. Ал 2025 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 818 млн доллар артқан.
Жалпы 2025 жылы шетелдік инвесторлар Қазақстаннан шамамен 20,7 млрд доллар табысын әкеткен. Осыдан-ақ елге келген капиталдан түсетін пайданың бір бөлігі қайда кетіп жатқанын көруге болады.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-наурызында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3 трлн 463 млрд теңге немесе шамамен 7,3 млрд доллар болған. Бұл 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тартылған инвестициядан 6,4% көп.

Алайда негізгі капиталға салынған қаражаттың 70%-дан астамы кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылған. Мемлекеттік бюджет үлесі – 10,9%, ал банк несиелері – 7,8%.Оның ішінде шетелдік банктердің үлесі тіпті мардымсыз, небәрі 0,1%.
Қарапайым тілмен айтсақ, экономикаға құйылатын инвестицияның негізі ішкі ресурстардан алынып жатыр. Ал шетелдік инвестициялардан түсетін табыс қайтадан сыртқа кетіп жатыр.