Жаңалықтар

«ҰҚШҰ бітімгерлері Арменияға кірмейді»: Пашинян мәлімдеме жасады

Армения премьер-министрі Никол Пашинян ел аумағына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгер күштері кірмейтінін мәлімдеді. Үкімет басшысы Арменияға өзге елдердің де бітімгер контингентін орналастыруға негіз жоқ екенін айтып, ел қауіпсіздігін сыртқы геосаяси күштермен байланыстыруға болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы РБК-ға сілтеме жасап.

«Ешқандай шетелдік бітімгер Армения аумағына кірмейді»

Никол Пашинян бұл мәлімдемесін Армения парламентінде сөйлеген сөзінде жасады. Оның айтуынша, елдегі оппозициялық күштер ҰҚШҰ әскери контингентінің Арменияға енгізілгенін қалайды. Алайда премьер мұндай сценарий жүзеге аспайтынын кесіп айтты.

«ҰҚШҰ бітімгерлері Арменияға кірмейді. Жалпы, Арменияға ешқандай бітімгер кірмейді. Өйткені бейбітшілік орнады, ал бітімгер – халықтың өзі. Иә, Армения халқы да, Әзербайжан халқы да – ең сенімді бітімгерлер. Армения аумағына ешқандай шетелдік бітімгер кірмейді», – деді Пашинян.

Армения үкіметінің басшысы елдің болашағы мен қауіпсіздігіне кепілдікті түрлі геосаяси орталықтардан іздеу дұрыс емес деп санайды.

Пашинянның сөзінше, Армения өзінің «өмір сүру, даму және мемлекет ретінде өміршеңдігін сақтау» құқығын күнделікті жүйелі еңбегі арқылы өзі қамтамасыз етуге тиіс.

Арменияның бұрынғы президенттеріне айып тағылды

Пашинянның мәлімдемесі Армениядағы ішкі саяси ахуал қайта шиеленіскен тұста жасалып отыр. Бұған дейін Арменияның екінші президенті Роберт Кочарянның елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетіне жеткізілгені хабарланған. Кейін комитет Кочарян мен оның ұлының ұсталғанын растады.

Бұрынғы мемлекет басшысы мен оның айналасындағы адамдар бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікке ілінген. Олардың қатарында мемлекеттік меншікті заңсыз иемдену және миллиардтаған драм көлеміндегі параға қатысты айыптаулар бар.

Артынша Арменияның үшінші президенті Серж Саргсянның да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке шақырылғаны белгілі болды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, Роберт Кочаряннан кейін Саргсянға да айып тағылған.

Back to top button