ҰҚК Қостанайда полицияның үш қызметкерін ұстады
Қостанайда қылмыстық полиция өкілдері қолға түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz TobolInfo-ға сілтеме жасап.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Облыстық полиция департаменті мәліметінше, оқиға 17 наурызда болған.
“Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі өкілдері мен Қостанай облысы Полиция департаментінің қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері бірлесіп, Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-тармағы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу аясында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкерін ұстады. Қалалық Арнайы тергеу сотының санкциясымен аталған тұлғаларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – делінген мәліметте.
ҚАНДАЙ ЖАЗА КӨЗДЕЛГЕН
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-тармағы бойынша қозғалды. Яғни, ірі мөлшерде немесе бірнеше рет, алдын ала сөз байласу арқылы топ болып бопсалаумен пара алу.
Аталған бап санкциясына сәйкес, кінәлілерге айыппұл салу немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар, мүлікті тәркілеу және өмір бойы белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айыру да белгіленген.