Ұлытауда мұнай мен газ іздейтін жаңа учаске аукционға шығарылды
Қазақстанның Энергетика министрлігі Ұлытау облысындағы Құрылтай учаскесін көмірсутектерді барлау үшін электронды аукционға шығарды. Аумағы 1 177,34 шаршы шақырым болатын учаскенің бастапқы қол қою бонусы 21,625 миллион теңге болып белгіленген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аукцион қашан өтеді
Нефть и Газа Казахстана мәліметінше, оған қатысу үшін өтінімдер 12 қарашаға дейін қабылданады, ал аукционның өзі 23 желтоқсан күні өтеді.
Аукцион талаптарына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы бастапқы кезеңде учаске аумағының кемінде 30 пайызында 2D сейсмикалық барлау жүргізуге міндетті. Бұл жұмыстардың болжамды құны – 1,2 миллион доллар.
Келесі кезеңде кемінде бір барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген. Барлау кезеңінің жалпы ұзақтығы үш жылдан аспауға тиіс.
Бұл талаптар учаскенің геологиялық әлеуетін анықтауға бағытталған. Дегенмен Құрылтай аумағында коммерциялық тұрғыдан тиімді мұнай немесе газ қорынығ бар-жоғы геологиялық зерттеулер нәтижесінде ғана белгілі болады.
Мұнайдың мол қоры табылса…
Аукцион шарттарында жер қойнауын пайдаланушының мемлекет алдындағы міндеттемелеріне де назар аударылған. Егер учаскеде 100 миллион тоннадан астам мұнай немесе 50 миллиард текше метрден астам газ қоры анықталса, инвестор Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінде көзделген міндеттемелердің бірін қабылдауға тиіс.
Олардың қатарында өңдеу қуаттарын құру немесе жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындарға шикізатты келісімшарттық талаптармен жеткізу сияқты нұсқалар бар.
Жеңімпазға қойылатын талаптар
Бұдан бөлек, жеңімпазға жергілікті қамту бойынша ең төменгі талаптар қойылады. Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту үлесі кемінде 70 пайыз, ал тауарлар бойынша кемінде 30 пайыз болуы керек. Сондай-ақ кадрларды оқытып, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаражат бөлу міндеттемелері қарастырылған.
Құрылтай учаскесінің аукционға шығарылуы Ұлытау облысына геологиялық барлау саласында инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда учаскенің нақты коммерциялық әлеуеті зерттеу қорытындысы шыққан соң ғана бағаланады.