TOP-2Тергеу

«Ұлымның баланы зорламағанын сараптама көрсетіп тұр» – сотқа тартылған жігіттің анасы

Оралда оқушыны зорлау оқиғасы бойынша жақында сот отырысы басталғалы жатыр. Айыпталушы – 10 жастағы қыз баланы зорлады деп күдікке ілінген 23 жастағы жігіт. Tizgin.kz редакциясына хабарласқан жас жігіттің анасы Рита Дәрмешова бұл істе ұлының еш кінәсі жоқ деп есептейді. Ол сот медициналық сараптама қорытындылары ұлының бұл іске мүлде қатысы жоқ екенін растап тұрғанын айтады.

 ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Қылмыс былтыр қыркүйек айының соңында болған. 10 жастағы қыз баланы ер адам аңдып барып, кісі көзі жоқ тұсқа келгенде теректердің арасына апарып аяусыз зорлаған. Артынша, өлтіру үшін жіппен қылқындырған. Қыз бала есінен танып қалған кезде оқиға орнынан кетіп қалған. Бірақ қыз есін жиып, аман қалған.

«Осы іс бойынша менің ұлымды күдікті ретінде қамап отыр. 30 қыркүйекте көшеде кетіп бара жатқан баламды полиция қызметкерлері алып кеткен. Содан бері қамауда. Баламның киген киімін үйден әкетті. Қараша айының 11 күні кішкентай қыздың да, менің баламның да анализ қорытындылары шықты. Бәрі қолымда тұр. Ақтөбе қаласынан медициналық сараптама қорытындысы келді. Қыз баланың денесі немесе киімінде баламның биоматериалдарының ізі жоқтығын дәлелдейтін экспертиза қорытындылары қолымда! Ешқандай айғақсыз, дәлелсіз балам қамауда отыр», – дейді Рита Дәрмешова.

Анасы ұлының тергеу кезінде айыптың бәрін «мойындап» қойғанын, бірақ оның тергеу кезінде адвокат алдағанын айтады.

«Кінәні өз мойнына алуға оны мемлекет тарапынан берілген адвокат көндірген екен. Ұлым білмегендіктен барлық сұраққа «иә» деп жауап берген. Мұны мен басқа адвокат жалдап, ол біздің кездесуімізді ұйымдастырған кезде ғана білдім! Ұлым мемлекеттік адвокаттың айтқанын камераға айтып берген», – дейді әйел.

«БАЛАМ БАСҚА БІРЕУДІҢ АЙЫБЫ ҮШІН ӨМІР БОЙЫНА СОТТАЛУЫ МҮМКІН»

Рита Дармешова сол күні ұлы №20 мектеп маңындағы ауданға бір әйелмен кездесуге барғанын жеткізді. Бақылау камералары оның аялдамадан түсіп, дүкенге кіріп, шырын сатып алып, әрі қарай кеткенін түсіріп алған. Анасы ұлына қысым жасалғанына сенімді.

«Менімен кездескенде ұлым шарасыздықтан өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. «Басқа біреудің күнәсі үшін жауап бергенше өлгенім артық» деді. Мен оған сенемін, оның сөзін сараптама да растап отыр. Ол – бес баламның үлкені, әрдайым інілеріне қамқор болып, мектепке дайындап жүрді. Оның жәбірленуші қызбен құрдас қарындасы бар. Ұлым оны ешкім тиісіп қоймасын деп мектепке өзі апарып, өзі әкелетін. Сондай адам кішкентай қызға қол тигізуі мүмкін бе? Пікірлерде «оны кім тәрбиелеген?» деп жазып жатыр. Оны мен тәрбиеледім! Адал, жауапкершілігі бар азамат етіп өсірдім. Әскерде болды, жұмыс істеді. Мен оны жала жабу үшін әдейі кінәлі етіп отыр деп ойлаймын, оны қорғайтын ешкімі жоқ деп есептейді. Иә, біз жалдамалы пәтерде тұрамыз, мен еден жуушы болып жұмыс істеймін, біздің ешкіміміз жоқ. Бес баланы жалғыз өзім асырап келе жатырмын. Бірақ ұлым біреудің орнына жазықсыз отырмауы керек. Ол кінәлі емес, ана жүрегі алдамайды. Оның үстіне, нағыз қылмыскер бостандықта жүр және басқаларға қауіп төндіруі мүмкін», – дейді ол.

Рита Дәрмешова тергеу заң талаптары өрескел бұзылып, біржақты жүрді деп есептейді. Осы шағыммен ол ұлының адвокатымен бірге ішкі істер министрі мен облыс прокурорына арыз жазған.

«Тағылып отырған айыптар – аса ауыр қылмыс. Балам өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Анализ екінші рет Атырауға жіберілді. Онда да баламның бұл іске қатысы жоқ екені, бөгде ер адамның ізі бар екені білініп отыр. Екінші рет келіп тұрған анализге қарамастан, баламды әлі күнге дейін кінәлі деп қамап отыр. Қазір менің баламның денсаулығы нашарлап кетті. Денсаулығына зақым келді. Сол себепті халқымнан көмек сұраймын», – дейді анасы.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Tizgin.kz редакциясы ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына ресми сауал жолдап, айыпталушыға қандай айыптар тағылып отырғанын, сотталушының ізі анықталмаған екі медициналық сараптама қылмыстық іс материалдарына енгізілгенін немесе енгізілмегені турасыннда сауал жолдаған. Редакцияға мынадай жауап келді.

«Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті кәмелетке толмағанға қатысты зорлау және адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі (кәмелетке толмағанға қатысты жасалған зорлау) және 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабының 3-бөлігі негізінде (кәмелетке толмаған адамды өлтіруге оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды, ол басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қайшы келмеген жағдайда ғана, прокурордың рұқсаты берілген көлемде жария етілуі мүмкін», – делінген жауапта.

Жақында осы іске байланысты сот отырысы басталады. Рита Дәрмешова ұлы жазықсыз сотталып кете ме деп қорқып отыр.

Back to top button