$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
TOP-2Экономика

Ұлттық қордан бөлінетін 5 трлн теңге инфляцияны үдетуі мүмкін – Ұлттық банк

2027-2029 жылдары Ұлттық қордан жалпы сомасы 5 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу көзделіп отыр. Қаражат аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Алайда Ұлттық банк мұндай ауқымды шығындар инфляцияны күшейтуі мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қомақты қаражат экономикаға бір мезетте түскенде құрылыс көлемі, жалақы төлемдері, тауарлар мен қызметтерге сұраныс артады. Өндіріс пен ұсыныс осы сұранысқа ілесе алмаса, нарықтағы баға көтерілуі ықтимал.

Ақша қайда жұмсалады

Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталмақ. Мұндай жобалар жаңа өндірістік қуат ашуға, инфрақұрылымды жаңартуға және экономикалық белсенділікті қолдауға мүмкіндік береді.

Алайда жобаларды жүзеге асыру кезінде мердігерлерге еңбекақы төленіп, құрылыс материалдары, техника және түрлі қызметтер сатып алынады. Соның нәтижесінде экономикадағы ақша көлемі мен ішкі сұраныс қатар өседі. Импорттық жабдықтар мен материалдарға сұраныстың артуы сырттан әкелінетін тауарлар көлемін де ұлғайтады. Ұлттық банктің бағалауынша, осы шығындардың барлығы қысқа мерзімде бағаға қосымша қысым түсіреді.

Пайдасы кейін, инфляциялық әсері қазір сезілуі мүмкін

Ұлттық қор қаржысына салынған нысандар болашақта өндіріс көлемін арттырып, экономикаға ұзақ мерзімді пайда әкелуі мүмкін. Бірақ бұл нәтиже бірден байқалмайды. Ал ақша жұмсала бастаған кездегі сұраныс өсімі бағаға ертерек әсер етеді. Ұлттық банк 2027 жылға арналған инфляция болжамын бұрынғы 5,5–7,5%-дан 6,5–8,5%-ға дейін көтерді. Бұған Ұлттық қордан қосымша трансферттердің бөлінуі, коммуналдық тарифтер бойынша болжамның өзгеруі және жанармай қымбаттауының жанама әсері себеп болған.

Осылайша, Ұлттық қордан бөлінетін 5 трлн теңге бір жағынан маңызды жобаларды қаржыландырып, экономикалық өсімді қолдайды. Екінші жағынан, қаражаттың қысқа мерзім ішінде игерілуі тауарлар мен қызметтерге сұранысты арттырып, инфляцияны күшейтуі мүмкін.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button