$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Экономика

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені тағы төмендетті

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,25% деңгейінде белгіледі. Пайыздық дәліз ±1 пайыздық тармақты құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде болған. Яғни Ұлттық Банк мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендетті.

Ұлттық Банктің дерегінше, тамызда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеген.

«Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеген. Бұған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандауы және импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,4%-ға дейін баяуласа, сервистік инфляция 8,9% болды. Тамыздағы айлық инфляция – 0,6%. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері де төмендеп, шілдеде 12,1% болды. Маусымда бұл көрсеткіш 13,4% еді», – делінген хабарламада.

Ұлттық Банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9–11% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Ал 2027 жылға болжам 6,5–8,5%-ға дейін көтерілді. Реттеуші мұны сыртқы инфляцияның күшеюімен, реттелетін бағалар бойынша алғышарттардың қайта қаралуымен және фискалдық серпіннің артуымен түсіндіреді.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендетуге инфляция мен халықтың инфляциялық күтулеріндегі оң динамика мүмкіндік бергенін атап өтті. Дегенмен проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюі алдағы уақытта ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсартуға мүмкіндік бермеуі мүмкін.

Реттеушінің болжамынша, Қазақстан экономикасы 2026 жылы 4,5–5,5% өседі. 2027 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі шамамен 4,5%, ал 2028 жылы 4–5% деңгейінде болады деп күтіледі.

Еске салсақ, алдыңғы шешім 24 шілдеде қабылданып, сол кезде базалық мөлшерлеме 16,75%-ға дейін төмендетілген еді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button