TOP-2

Ұлдана Мырзуан өлімі: куәгер сотта тың деректер айтты

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Бүгін куәгер, қайғылы жағдай болған үйдің тұрғыны Валерия Самсонова жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Үйді қалай қабылдап алған”

Ол жүргізілген сараптама нәтижесінде үйге апаттылықтың төртінші дәрежесі беріліп, апатты жағдайдағы нысан деп танылғанын айтты. Куәгер арматуралық тордың, бекіткіштер мен ерітіндінің жоқтығын айтып берді.

“Бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Қабырғаның кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екенін білмейді екенмін. Егер әу баста осындай кемшіліктер болса, үйді қалай салып, қалай қабылдап алған?”, – деді Самсонова.

Куәгердің сөзінше, қасбет қаптамасы құлаған соң үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болған. Сондай-ақ Самсонова қасбет бұдан да ерте құлауы мүмкін еді дегенді алға тартты.

“Тұрғындардың қалтасы көтермейді”

Тұрғын нысан құрылымын қалпына келтіріп, нығайту керектігін жеткізді. Бірақ ол сотта тұрғындардың қажетті жұмыстарды өз беттерінше жүргізуге қаражаты жеткіліксіздігін айтты.

“Қазір қалпына келтіру шаралары қолға алынбаса, жарықтар одан әрі ұлғая береді. Ал тұрғындарда мұның бәрін жинауға қалтасы көтермейді. Маман емеспіз ғой, үйдің бастапқыда дұрыс салынбағанын және осындай ақаулары бар екенін өзіміз анықтай алмаймыз”, – деді ол.

Куәгер екінші кіреберіс нығайтылған соң бірінші кіреберісте де жарықтар пайда болғанын атап өтті.

Back to top button