$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Украина Еуроодақтан зымыран мен дрон сатып алуға 3,3 млрд еуро алды

Украина Еуропалық одақтан Ukraine Support Loan бағдарламасы аясында 3,3 млрд еуро көлемінде кезекті транш алды. Қаражат елдің бірінші кезектегі қорғаныс қажеттіліктеріне, соның ішінде зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алуға бағытталады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл туралы Украина премьер-министрі Сергей Корецкий мәлімдеді. Оның айтуынша, бөлінген қаражат елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге жұмсалады.

ЕО Украинаға әуе қорғанысы жүйелерін жеткізбек

Бұған дейін, 11 қыркүйекте Еуропалық комиссия Украинаға әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алуға қосымша 6,1 млрд еуро бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл қаражатқа Patriot кешендеріне арналған PAC-3 зымыран-тосқауылдағыштары, оқ-дәрілер, дрондар және радиоэлектрондық күрес құралдары сатып алынбақ. Еуропалық одақтың қорғаныс жөніндегі комиссары Андрюс Кубилюс Украина қыс басталғанға дейін Patriot жүйелеріне арналған зымырандарды барынша көп алуға ниетті екенін айтқан. Қазір серіктес елдердің қоймаларындағы зымырандарды уақытша Украинаға беру, кейін олардың орнын жаңа жеткізілімдермен толтыру тетігі қарастырылып жатыр.

Ukraine Support Loan бағдарламасы аясында 2026 жылы Украинаға бөлінген қорғаныс көмегінің жалпы көлемі 28,3 млрд еуроға жеткен. Бұл қаражат бойынша негізгі сатып алулар, жеткізушілер мен жеткізу мерзімдері алдын ала белгіленген.

Украинада Patriot зымырандары тапшы

Украина тарапы әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандардың жетіспеушілігі сезіліп отырғанын бірнеше рет мәлімдеген. 5 тамызда Киев 28 баллистикалық зымыранның бірде-бірін қажетті әуе қорғанысы құралдары болмағандықтан ұстай алмағанын хабарлаған. Politico басылымының жазуынша, Украина үшін PAC-3 және PAC-2 зымыран-тосқауылдағыштарының тапшылығы айрықша өзекті болып отыр. Ал Украина президенті Владимир Зеленский тамызда украин армиясында 2025 жылмен салыстырғанда зымыран-тосқауылдағыштар саны 2,5 есе азайғанын айтқан.

Оның мәліметінше, 2026 жылы Украинаға бар болғаны 264 PAC-3 және PAC-2 зымыранын жеткізу жоспарланған. Салыстыру үшін, 2023 жылы серіктес елдер Киевке 675 зымыран берсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 364 бірлікті құраған.

Еуропалық шенеуніктердің сөзінше, Ресей қыс мезгілінде Украинаға жасайтын шабуылдарын күшейтуі мүмкін. Осыған байланысты Киев үшін әуе қорғанысын нығайту және зымыран қорын толықтыру негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.

Back to top button