Үкімет резервінен Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институтына 1,1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
“Қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін жақсартуға ықпал етеді. Қаражатқа теңізде мониториң жүргізу үшін негізгі жабдықтарды сатып алып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыру жоспарланып отыр. Бұл – теңіздің қазақстандық секторында болып жатқан процестер туралы өзінің ғылыми-негізделген базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда ҒЗИ тиімді шараларды әзірлеу үшін халықаралық ғылыми қоғамдастыққа белсенді интеграциялана бастаған. Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қауымдастығына кірген.
Осы қаулыны іске асыру үшін экология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық қажетті шараларды қабылдау, қаржы министрлігіне бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.