$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Сараптама

Үкімет 2027 жылы энергия тапшылығын қалай жойғалы отыр

Қазақстан бірнеше жыл қатарынан электр энергиясының тапшылығын сырттан алынатын қуатпен жабуға мәжбүр болды. Үкіметтің қазіргі жоспары бойынша бұл жағдай 2027 жылдың бірінші тоқсанында өзгеру керек. Осылайша енді жарты жылдан кейін елдің электрге деген қажеттілігі толық өтеліп, жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт/сағат профицит қалыптасады деген есеп бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тапшылықтан профицитке дейін

Энергетика министрлігінің жоспарына сенсек, 2026 жылы елде шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат іске қосылады. Оның ішінде төрт газ электр станциясы, екі қолданыстағы станцияны кеңейту және 10 жаңартылатын энергия нысаны жоспарда бар. Осы жобалар 2027 жылы іске қосылатын жаңа нысандармен бірге электр теңгерімін өзгертуге тиіс. 2027 жылдың өзінде тағы 845 МВт жаңа қуат жоспарланған. Оның негізгі бөлігі – газ генерациясы. Жамбыл ГРЭС-інде бес газ-турбиналық қондырғының жалпы қуаты 210 МВт, МАЭК-те бу-газ қондырғысы 160 МВт, «Басқуат Энергопром» жобасының алғашқы кезеңі 34,7 МВт, ал Kazakhmys Energy нысаны 70 МВт береді. Мұның сыртында 570 МВт жаңартылатын энергия көздерінен алынбақ. Оның ішінде Алматы облысындағы 100 МВт күн станциясы, Қызылорда облысындағы үш күн станциясы (70 МВт), Ақтөбе облысындағы екі жел станциясы (200 МВт), сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарындағы ЖЭС жобалары бар.

Демек, 2027 жылғы есептің негізі – газ станциялары, жаңартылатын энергия, генерация жобалары. Ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу көзделген.

Энергетика деген жарық қана емес

Электр энергиясы жеткіліксіз болса, жаңа өндіріс те толық қуатында жұмыс істей алмайды. Бұл әсіресе электрді көп қажет ететін металлургияға қатысты.

2025 жылы Үкімет отырысында бес ферроқорытпа зауытының төртеуі электр энергиясы тарифтерінің өсуіне байланысты өндіріс көлемін қысқартқаны айтылды. Әсіресе Қарағанды облысындағы кәсіпорындар зардап шеккен. Ферроқорытпа зауыттары төмендетілген тарифпен электр беруді сұрап отыр.

Бұл бір ғана мысал емес. Шығыс Қазақстанның өнеркәсібінде өңдеу секторы жалпы өнеркәсіп өнімінің 89%-ын береді. Оның ішінде металлургияның үлесі 63%. Өңір билігі соңғы жылдары инвестиция мен өндірістің бағыты шикізатты терең өңдеуге қарай ауысып жатқанын атап көрсетеді. Сондықтан Орталық және Шығыс Қазақстан үшін электр энергиясы жай ғана коммуналдық ресурс емес. Металды балқытып қана қою мен одан дайын өнім шығарудың арасындағы айырмашылықтың бір бөлігі энергияның мөлшеріне де байланысты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылы қара металлургияда ферроқорытпа, болат және жалпақ прокат өндірісін арттыруды жоспарлағанын хабарлады. Сонымен қатар кенді барынша терең өңдеу, соның ішінде мыс, мырыш, қорғасын және алтын құрамды концентраттарға басымдық беру көзделген. Яғни энергетикадағы жаңа қуаттың экономикалық мәні тапшылықтың жоғалуында ғана емес, өндірістің келесі сатысына өтуге мүмкіндік беруінде.

Газ – бүгінге, ал атом – ертең үшін

Бұдан түйетініміз, 2027 жылғы жоспардың өзі Қазақстанның энергетикалық мәселесін түбегейлі шешпейді. Себебі экономика өскен сайын электрге сұраныс та артады. Сондықтан мемлекет қысқа мерзімді міндетті газ генерациясы мен ЖЭК арқылы шешсе, ұзақ мерзімді энергетикалық саясатта атом энергетикасына сүйеніп отыр.

2026 жылы бекітілген атом саласын дамытудың стратегиясы бойынша Қазақстанда 2050 жылға қарай кемінде үш АЭС жұмыс іске қосылады деп жоспарланған. Бірінші АЭС жобасы іске асырылып жатыр, екінші станцияның құрылысы қаралуда, ал үшінші жоба үшін шағын модульді реакторларды пайдалану мүмкіндігі зерттеліп жатыр.

Атом энергетикасының бұл жердегі қызметі – электрге сұраныс өскен кезде елге тұрақты базалық қуат беру. Үкіметтің Ұлттық жобасында 2029 жылға дейін жаңа генерацияға 7,3 ГВт қуат енгізіп, оған 6,2 трлн теңге жұмсау қарастырылған. Бұл жаңа станциялар салумен қатар қолданыстағы қуаттарды алмастыруды да қамтиды.

Жаңа станция салу – мәселенің бір бөлігі ғана. Электр өндірілген жерден оны тұтынатын өңірге жеткізетін желі де жеткілікті болу керек. Үкіметтің жоспарына Батыс Қазақстанды бірыңғай электр жүйесіне қосу, «Солтүстік–Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін арттыру және ірі тұтыну орталықтарының сыртқы электрмен жабдықтауын күшейту жобалары енгізілген.

Back to top button