$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Ұйғыр ауданына жаңа әкім тағайындалды

Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының әкімі болып Талғат Ескендірұлы Байеділов тағайындалды. Бұған дейін ол Еңбекшіқазақ ауданын басқарған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бота Елеусізованың орнына келді

Шекара шебіндегі Ұйғыр ауданына енді Талғат Байеділов жетекшілік етеді. Ол Алматы облысында бұған дейін де екі ауданды басқарып, облыстық мәслихат төрағасы қызметін атқарған. Ұйғыр ауданының бұрынғы әкімі Бота Елеусізова Құрылтай депутаты атанып, қызметін Астанада жалғастыруға ауысқан еді.

Талғат Байеділовтің өмірбаяны

Талғат Ескендірұлы Байеділов 1972 жылы туған. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Мамандығы – бухгалтерлік есеп және аудит. Еңбек жолын 1992 жылы Алматы облысы Кеген ауданындағы «Тоғызбұлақ» колхозында бастаған. Кейін «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының «Алматы» қаржы-экономикалық орталығында есепші, салық есебі және бақылау бөлімінде экономист болып жұмыс істеген.

2006-2008 жылдары «Қазпошта» АҚ Іле аудандық пошта байланысы торабын басқарған. 2008–2010 жылдары Райымбек ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі, 2010–2011 жылдары аудан әкімі аппаратының басшысы болған. 2011-2018 жылдары Райымбек ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2018-2023 жылдары Кеген ауданын басқарды. 2023 жылғы наурызда Алматы облыстық мәслихатының төрағасы болып, 2024 жылғы наурызда Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Back to top button