Үгіт-насихат басталды: Құрылтай сайлауына түсетін партияларға бір ай уақыт берілді
Қазақстанда алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталды. Саяси партиялар енді бір ай бойы өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін үгіт жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үгіт-насихат қашан басталып, қашан аяқталады
23 шілде күні сағат 18:01-ден бастап саяси партияларға сайлауалды үгіт жүргізуге рұқсат берілді. Үгіт кезеңі 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында партиялар заң аясында өз кандидаттары мен бағдарламаларын насихаттай алады.
Сайлау туралы заңға сәйкес, саяси партиялар:
- бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт жүргізуге;
- қоғамдық іс-шаралар, кездесулер мен жиындар өткізуге;
- баспа өнімдерін таратуға;
- интернет пен онлайн-платформаларды пайдалануға құқылы.
Алайда барлық үгіт жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс.
Неге тыйым салынған
Үгіт науқаны кезінде кандидаттар мен партияларға сайлаушыларды сатып алуға, материалдық сыйлықтар таратуға немесе қайырымдылық шараларын өткізу арқылы дауыс жинауға тыйым салынады. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кандидаттың тіркеуі күшін жоюға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.
Сайлау туралы не белгілі
Алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Биылғы сайлауда жеті саяси партиядан 545 кандидат 145 депутаттық мандат үшін бақ сынайды.
Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге республикалық бюджеттен 34,3 млрд теңге бөлінген. Партиялық тізімдерге бұрынғы депутаттармен қатар танымал блогерлер, өнер қайраткерлері, тележүргізушілер және қоғам белсенділері енгізілген.