TOP-2Білім

ҰБТ жүйесі өзгереді: түлектер ауызша емтихан тапсырады

Қазақстанда талапкерлерді іріктеу тәсілдері қайта қаралады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналған.

«Адами капиталға инвестиция жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл қағида жаңа Конституцияның прогрессивті идеяларының, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың өзегіне айналды», – деді Балаева.

Министр әлемде білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп жатқанын атап өтті. Жаңа модельдер, цифрлық технологиялар және халықаралық ынтымақтастық білім сапасын арттыруға бағытталған.

Балаева бұл өзгерістер тек білім берумен шектелмей, еңбек нарығына бейімделген, нақты дағдылары бар мамандар даярлауға жол ашатынын атап өтті. Сөзінше, бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге көшу.

ПЕДАГОГТЕРГЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

Жаңа өзгерістер аясында педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі қайта қаралады.

Балаеваның айтуынша, енді талапкерлерді іріктеуде тестілеумен қатар арнайы емтихандар енгізіледі.

«Бірінші. Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасын енгізу. Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс», – деді министр.

Министрдің сөзінше, келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі.

ҰБТ-ны бір рет тапсыру керек

Вице-премьер ҰБТ жүйесін толық жаңғырту қажеттігін айтты.

«Екінші. ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс», – деді Балаева.

Бұл ретте талапкерлерге дайындық деңгейін тексеру үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.

«ШАРТТЫ ҚАБЫЛДАУ» ЖҮЙЕСІ ЖОЙЫЛАДЫ

Сондай-ақ жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау жүйесінен бас тарту ұсынылып отыр.

«Үшінші. Жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажет», – деді вице-премьер.

Министрдің айтуынша, мұндай жүйемен қабылданған студенттердің 50–60 пайызы оқу барысында ең төменгі шекті балды жинай алмайды.

НЕГІЗГІ МАҚСАТ – ӘДІЛ ІРІКТЕУ

Балаева ұсынылған өзгерістер тестілеуден толық бас тарту емес екенін ерекше атап өтті.

«Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам», – деді ол.

Балаеваның пікірінше, бұл бастамалар білім беру сапасын арттырып, елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.

 

 

 

 

 

 

Back to top button