Без рубрики

ҰБТ-дан жоғары балл алған оқушыға көлік, үй сыйлануына қарсы емеспін – Аймағамбетов

Депутат ҰБТ-дан жоғары бал алу оған дайындайтын орталықтың емес, мұғалім, ата-ана және оқушының еңбегінін нәтижесі екенін айтты.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан 130-140 балл алған түлектер туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«ҰБТ-дан жоғары балл алу – табандылықтың, білімнің, біліктіліктің, ата-ана, оқушы және мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі. Бұл – шын мәнінде қуанарлық жағдай. Екіншіден, ҰБТ-дан жоғары балл алған мектеп түлектеріне түрлі ұйымдар автокөлік, пәтер сыйлап жатса – жаман емес. Неге біз бұл дұрыс емес деп айтуымыз керек?» – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол түлектерге сыйлық беріп жатқан ұйымдарда маркетинг мәселесі де бар екенін айтты.

«ҰБТ-дан жоғары балл алған оқушыға үлкен сыйлық беру – сол компанияның атын ары қарай әйгілі етуге ықпал етеді. Оны мен түсінем және онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ата-аналар да ол мәселені түсінеді деп ойлаймын. Мәселе мынада: ҰБТ-да дайындайтын орталық немесе тиісті мекеме «Біз осындай нәтижеге қол жеткіздік» деп айтса – бұл толығымен шындық емес. 1 ай, 3 ай немесе 1 жылдың ішінде бала толық дайындап шығатын әдіс жоқ. Оқушы 130, 140 балл алып жатса, Гарвард университетіне, Назарбаев университетіне түссе – бұл біздің білім беру жүйесінің, мектептегі мұғалімдердің еңбегі. Бұл ҰБТ-ға дайындайтын орталықтың ғана еңбегі деп айта алмаймыз, ол қосымша көмек көрсететін болар, бірақ бұл мұғалімдердің көзге көрінбейтін еңбегінің, ата-ананың қолдауының, оқушының өз еңбегінің нәтижесі және жемісі», – дейді ол.

Депутат бұрын ҰБТ-да жоғары балл алған оқушыларға міндетті түрде қосымша талдау жасалғанын айтты.

«Академиялық әділдік болуы керек. Мен жоғары балл алған оқушылардың біліміне күмән келтіргім келмейді, дегенмен «сен, бірақ тексеріп ал» деген қағиданы ұстанамын», – дейді Асхат Аймағамбетов.

 

Back to top button