Жаңалықтар

Түркия, Мысыр, Вьетнам: Қазақстандықтар қайда жиі саяхаттап жүр

Республика тұрғындарының көбі соңғы жылдары Еуропа емес, Азия елдерінде демалуды жөн көрген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“БАӘ-ден Азия бағыттарына ауысты”

Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев мәлімдеді.

Биылғы жазғы туристік маусымда қазақстандықтар арасында Вьетнам, Мысыр, Таиланд, Түркия, Қытай және Мальдив Республикасы едәуір танымал бағыттарға айналды.

Комитет мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда туристік нарықта біршама өзгеріс байқалады.

«Өткен жылды алып қарасақ, туристер таңдайтын бағыттар рейтиңі өзгерді. Айталық, қазір Мысыр мен Вьетнамға сұраныс айтарлықтай өсті. Қытай визасыз және тікелей рейстер арқасында ұстанымын нығайтты. Геосаяси жағдай әсерінен туристердің бір бөлігі БАӘ-ден Азия бағыттарына ауысты», – деді Қапашев.

Туристер не нәрсені ескереді

Оның сөзінше, ел тұрғындарының туристік бағыт таңдауына бірнеше фактор ықпал етіп отыр.

«Атап айтқанда, туристер ең әуелі турлардың бағасы мен қолжетімділігіне, визасыз режим болуына, жаңа әуе бағыттарының ашылуына, валюта бағамы мен әлемдегі геосаяси ахуалға назар аударады. Одан бөлек, жағажай демалысына сұраныс та таңдау жасауға әсер етіп жатыр», – деді комитет төрағасының орынбасары.

Министрлік ақпаратынша, дәл осы факторлар ықпалымен қазір қазақстандық туристер қызығушылығы Азия елдеріне ауып келеді. Бұл жөнінен Вьетнам мен Қытайды атап өтуге болады.

Back to top button