Түркістан: Кентауда «Қалдықсыз әлем» халықаралық күніне орай тазалық шарасы өтті

Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тазалық шарасы өткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шаһар тұрғындарының, оның ішінде ата-аналар мен балалардың қатысуымен өткен жоба «Қалдықсыз әлем» халықаралық күніне орай қоршаған ортаны қорғау мақсатында «Бір пакет қоқыс – бір балмұздақ» деген атаумен ұйымдастырылған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәліметінше, іс-шара барысында балалар қоқыс жинауға белсенді қатысып, қоршаған орта тазалығын сақтауға үлестерін қосты. Әр жиналған қоқыс пакеті үшін балаларға ынталандыру ретінде балмұздақ таратылды.

Игі бастамаға жалпы 500-ге жуық азамат белсене қатысқан. Аталған бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға және өскелең ұрпақты тазалық пен тәртіп мәселелеріне тартуға бағытталған.