Тұман, нөсер, +44 градус ыстық: 11-13 тамызға арналған ауа райы болжамы
«Қазгидромет» синоптиктері 11, 12 және 13 тамызға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Жекелеген аймақтарда бұршақ жауып, жел күшеюі мүмкін. Ал еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі.
Қай өңірлерде жаңбыр жауады?
Атмосфералық фронттардың әсерінен елдің кейбір аймақтарында найзағаймен бірге жаңбыр жауады. Жекелеген жерлерде бұршақ жауып, жел екпіні күшеюі ықтимал.
11 тамызда Қазақстанның солтүстігінде және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Қазақстанның орталық және оңтүстік өңірлерінде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Түнде және таңертең еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігі мен шығысында кей жерлерде тұман түседі.
Ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі
Күндізгі ауа температурасы өңірлерге қарай айтарлықтай өзгереді. Батыс пен орталықта ауа температурасы +27…+39 градус аралығында болады.
Солтүстік-батыс пен солтүстікте +25…+35 градусқа дейін жылыса, шығыс пен оңтүстік-шығыста ауа температурасы +30…+42 градусқа жетеді.
Ең жоғары аптап ыстық Қазақстанның оңтүстігінде күтіледі. Бұл өңірлерде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Қазақстанда тамыз айы қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер Қазақстан бойынша 2026 жылғы тамыз айына арналған консультативтік ауа райы болжамын жариялаған болатын.
Жаздың соңғы айында қазақстандықтарды ауа температурасының күрт құбылуы күтіп тұр. Кей өңірлерде аптап ыстық +44 градусқа дейін жетсе, басқа аймақтарда қатты жаңбыр, найзағай және айтарлықтай салқындау болуы ықтимал.