Украина президенті Владимир Зеленский Киевте АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стивен Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесті. Бұған дейін Мәскеуде Владимир Путинмен келіссөз өткізген америкалық өкілдер Украина астанасына соғысты тоқтатуға қатысты «жаңа идеялар» жеткізген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үшжақты кездесу қайта өткізілуі мүмкін
Киевтегі келіссөзден кейін Зеленский тараптардың бірнеше жаңа ұсынысты талқылағанын мәлімдеді. Алайда олардың мазмұны әзірге жарияланған жоқ.
«Бірнеше жаңа идея болды, біз оларды талқыладық. Енді оны жан-жақты саралап, қандай қадам жасауға болатынын және бұл ұсыныстар бізді бейбітшілікке жақындата ма, соны түсінуіміз керек. Содан кейін ғана қоғамға айтамыз», – деді Зеленский.
Стивен Уиткофф Мәскеудегі кездесуде белгілі бір ілгерілеу болғанын айтып, Украина, АҚШ және Ресей делегациялары қатысатын жаңа үшжақты келіссөз өткізуге дайындық жүріп жатқанын жеткізді.
«Біз Мәскеуде жаңа идеяларды естідік. Сол жерде талқыланған бірнеше маңызды ұсынысты Киевке алып келдік. Екі тарап та ымыраға келіп, арадағы келіспеушілікті азайтуы қажет», – деді Трамптың арнайы өкілі.
Уиткофф пен Кушнердің Киевке сапары – соғыс басталғалы бергі алғашқы сапар. Ал Уиткофф бұған дейін Владимир Путинмен сегіз рет кездескен. Соның үшеуіне Джаред Кушнер де қатысқан.
Донбасс негізгі кедергі болып тұр
Келіссөздердегі ең күрделі мәселе Донбасс аумағына қатысты ұстаным болып қала береді. Мәскеу Украина әскерінің Донецк және Луганск облыстарынан толық шығарылуын талап етеді. Киев бұл шартпен келіспейді.
Зеленский Донбасс мәселесін соғыстың негізгі түйіні деп атады. Оның айтуынша, Украина армиясының майдандағы жағдайды тұрақтандыруы Киевке ультиматум қабылдамай, дипломатиялық келіссөз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Батыс басылымдарының мәліметінше, америкалық делегация Киевке бұған дейінгі құжаттардың өзгертілген нұсқаларын әкелген. Олар келіссөздер тоқтап қалғаннан кейінгі жағдай ескеріліп қайта қаралған. АҚШ өкілдері қыс түскенге дейін белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Дегенмен тараптар соғыстың қысқа дейін толық аяқталуы екіталай екенін де талқылаған.
АҚШ делегациясының сапары кезінде Ресей Киевке, ал Украина Мәскеуге үш тәулік бойы соққы жасамауға келіскен. Осыған байланысты Зеленский америкалық өкілдердің сапары Украина астанасын әуе шабуылынан қорғауда тиімді болғанын әзілмен айтты.
«Бүгін біз елорда тұрғындары үшін Patriot жүйесінен де жақсы жұмыс істедік. Рақмет, жиі келіп тұрыңыздар. Сонда адамдарымыздың аз да болса тыныш өмір сүруіне мүмкіндік болады», – деді Украина президенті.
Кездесуде Украинаға арналған Patriot жүйелерінің зымырандары және елді қыс мезгіліндегі ықтимал шабуылдардан қорғау мәселесі де сөз болған. Енді Уиткофф пен Кушнер Вашингтонға оралып, Мәскеу мен Киевтегі келіссөздердің қорытындысын Дональд Трампқа жеткізеді.