TOP-2Экономика

Трамптың «соғыс жақында аяқталады» деген сөзінен соң мұнай күрт арзандады

Иранда жоғарғы рухани көшбасшы қызметіне қаза тапқан Әли Хаменейдің ұлы, қатаң саясатты жақтаушы Можтаба Хаменеи сайланғаннан кейін мұнай бағасы күрт өсіп кеткен еді. Көп өтпей АҚШ президенті Дональд Трамптың жасаған мәлімдемелерінен кейін «қара алтынның» бағасы қайта төмендеді, деп жазады Reuters.

Мұнай бағасының барреліне 100 доллардан асып, күрт қымбаттауы америкалық инвесторларды алаңдатқан. Олар энергия ресурстары бағасының бұдан да қатты өсуіне дайындала бастаған. Осыған байланысты G7 елдері стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.

Осы жағдай аясында АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар мәлімдеме жасап, соның ішінде Иранмен соғыс жақын арада аяқталатынын айтты.

“Менің ойымша, соғыс іс жүзінде аяқталды. Оларда флот, байланыс құралдары мен әуе күштері де жоқ, – деді Трамп.

Ол сондай-ақ Вашиңтон соғыс 4-5 аптаға созылады деген бастапқы болжамнан «айтарлықтай алға шыққанын» айтты. Сонымен қатар Трамп «Иранды әлі толық жеңген жоқпыз» деп мәлімдеді.

“Біз Иранды жеңдік. Бірақ жеткілікті деңгейде жеңген жоқпыз. Біз бұл террористік режимді толық әрі түпкілікті жеңуге бел буып отырмыз”, – деді ол.

Мұнай бағасының қымбаттауы

10 наурызда Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы Астана уақыты бойынша сағат 5:18-де барреліне 6,51 долларға немесе 6,6 пайызға төмендеп, 92,45 долларды құрады. Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай бағасы 6,12 долларға немесе 6,5 пайызға төмендеп, 88,65 доллар болды.

Күні кеше 119 долларға дейін қымбаттаған Brent маркалы мұнай бағасы қазір 88 долларды көрсетіп тұр.

Back to top button