$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
TOP-2Геосаясат

Трамп Си Цзиньпинді АҚШ-та ұшақ баспалдағынан күтіп алды

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин 23 қыркүйекте АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барды. Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери базасында оны АҚШ президенті Дональд Трамп қарсы алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қытай басшысына қандай құрмет көрсетілді

Басылымның жазуынша, Си Цзиньпин мінген ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 17:39-да қонған. Ұшақ баспалдағының алдына қызыл кілем төселіп, оның екі жағына салтанатты әскери киімдегі америкалық сарбаздар сап түзеген. Дональд Трамп пен Си Цзиньпин қол алысып, бірнеше минут әңгімелескен. Әскери оркестр Қытай мен АҚШ-тың мемлекеттік әнұрандарын орындап, артиллериялық салют берілген.

Әскери базаның үстінен америкалық әскери ұшақтар, соның ішінде B-1 бомбалаушы ұшақтары ұшып өткен. Ақ үйдің баспасөз пулының мәліметінше, ұшу алаңында алты F-16 және алты F-22 жойғыш ұшағы тұрған.

Мемлекеттік сапар үш күнге созылады

Қарсы алу рәсімінен кейін Дональд Трамп пен жұбайы Мелания Трамп Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюаньды автокөлікке дейін шығарып салған. Бұдан соң АҚШ президенті мен бірінші ханым әскери базадан тікұшақпен аттанған.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Си Цзиньпиннің АҚШ-қа мемлекеттік сапары 23–25 қыркүйек аралығында өтеді.

Back to top button