TOP-2Жаңалықтар

Трамп, Си Цзиньпин, Ердоған мен Путин Қазақстанды Республика күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп жатыр. Олардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен басқа да елдердің басшылары бар, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Құттықтауларда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықаралық аренадағы орны және екіжақты байланыстардың келешегі сөз болған. Шетел басшылары Қазақстан халқына ізгі тілектерін білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізген.

Трамп, Путин және Си Цзиньпин не айтты

АҚШ Президенті Дональд Трамп бұған дейін жолдаған хатында Қазақстанмен арадағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өткен.

«Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе», – деп жазған Дональд Трамп.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетістіктеріне тоқталып, елдің халықаралық қатынастарда салмақты әрі сындарлы рөл атқаратынын айтқан. Ол екі мемлекет арасындағы байланысты стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамытуға мән берген.

«Барлық бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымызды достас халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында дәйекті түрде тереңдете береміз деп сенемін», – деп жазды Владимир Путин.

Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда жүргізілген ауқымды саяси реформаларды атап өткен. Сондай-ақ қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканың орнықты өсімін сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеру және елдің халықаралық ұстанымын нығайту бағытындағы жұмысқа назар аударған.

«Қазақ-қытай қарым-қатынасын ілгерілетуге ерекше мән беремін. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесе күш жұмылдыруға, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін ықпалдастық мазмұнын байытуға әзірмін», – деді Си Цзиньпин.

Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары да құттықтау жолдаған. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанмен стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың дамуына ризашылығын білдірген. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздігіне жол ашқанын атап өткен.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон екі ел арасындағы тарихи дәстүрге, өзара құрмет пен сенімге негізделген достықты жоғары бағалаған. Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның мемлекеттілікті нығайту, халықтың тұрмысын жақсарту және халықаралық беделін арттыру бағытындағы жетістіктеріне тоқталған.

Еуропа мен түркі елдерінің басшылары серіктестікті нығайтуға ниетті

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған тарихи және мәдени тамыры ортақ екі елдің байланысы кеңейтілген стратегиялық серіктестік аясында тереңдей беретініне сенім білдірген. Ол биыл 14 мамырда Астанада өткен Қазақстан мен Түркияның жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын және Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін атап өткен. Ердоғанның айтуынша, бұл кездесулер екі елдің стратегиялық серіктестігінің беріктігін көрсетті.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бауырлас Қазақстанның жетістіктеріне Әзербайжан халқының риясыз қуанатынын жеткізген. Ол тұрақты сапарлар мен жоғары деңгейдегі диалог екіжақты байланысты дамытуға, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға ықпал ететінін айтқан. Сондай-ақ Тоқаевтың АӨСШК жетінші саммитіне қатысу үшін Әзербайжанға жасаған сапарын жоғары бағалаған. Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан халқына француз жұртының достық ниетін жеткізуді сұраған. Оның құттықтауында екі елдің ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқаны және көптеген халықаралық мәселе бойынша ұстанымдарының ұқсастығы айтылған.

Ұлыбритания королі ІІІ Чарльз Тоқаев пен Қазақстан азаматтарына жылы лебізін жолдап, екі ел арасындағы берік достыққа жоғары баға берген. Ол алдағы жылдары өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растаған. Корея президенті Ли Чжэ Мёң Қазақстанның тұрақтылық пен ұлттық бірлікке сүйене отырып, алға баса беретініне сенім білдірген. Сонымен қатар Тоқаевтың қыркүйекте Сеулге жасаған мемлекеттік сапары қорытындысында екі ел арасында болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік орнағанын атап өткен.

Республика күніне орай Германия, Италия, Аустрия, Швейцария, Беларусь және өзге де мемлекеттердің басшылары құттықтау жолдаған. Жапония ммператоры Нарухито, Испания Королі VI Фелипе, Бельгия Королі Филипп, Рим Папасы XIV Лео да ізгі тілектерін білдірген.

Халықаралық ұйымдар жетекшілерінен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта, ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Анани және ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев құттықтау жіберген.

Ақорданың мәліметінше, мерекелік жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.

Back to top button