ГеосаясатЖаңалықтар

Трамп Ормуз бұғазын АҚШ аумағына қосқысы келеді

АҚШ президенті Дональд Трамп «жуық арада» Ормуз бұғасын АҚШ аумағы деп жариялауы мүмкін екенін алға тартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Трамп не деді

Бұл туралы Трамп Лонг-Айлендтегі полиция академиясында сөйлеген сөзінде айтты. Мәлім болғандай, АҚШ Иранға қарсы соғысты аяқтаған соң бұғаз төңірегінде осындай шешім қабылдауы мүмкін.

«Иранды ойрандаған соң жақын арада Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялаймын. Бұғазға блокада қойдық. Біз қаламасақ, ешбір кеме бұғаздан өте алмайды», – деді АҚШ президенті.

Иран билігінің ұстанымы

Аталған бұғаздың әлемдік мұнай саудасы үшін стратегиялық маңызы зор. Теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі Ормуз арқылы өтеді.

Трамптың бұлай деуі жаһан көлемінде сауда мен экономикадағы ықпалын жоғалтпағанын білдіргісі келгендей. Ал Иран билігі Вашингтон қысымына берілмейтінін мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазем Ғарибабадидің сөзінше, бұғазды ашу немесе жабу туралы шешімді Иран қабылдайды.

Back to top button